
Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты тағы бір жәбірленшуі пайда болды. Бұл туралы Ulysmedia басылымына зардап шеккен тараптың қорғаушысы Әлішер Әлішев мәлімдеген.
Қорғаушы іс бойынша бір емес, екі жәбірленуші бар екенін айтқан.
«Иә, бұл іс бойынша екі жәбірленуші бар. Іске қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймын. Бірақ бопсалау фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр», – деп мәлімдеген қорғаушы.
«Хуторский Хасанға» қатысты іс
Хасан Қасымбаевтың аты Шерзат Полаттың қазасынан кейін көпшілікке танылды. Оны талғарлықтар «Хуторский Хасан» лақап атымен танитыны белгілі болды. Шерзат ісінен кейін Хасан Қасымбаевтың үстінен басқа қылмыстық оқиға бойынша іс қозғалды. 2024 жылдың 4 қарашасында Қасымбаевтың ұрлау және адам денсаулығына қасақана зиян келтіру фактісі бойынша ұсталғаны хабарланды.
Бұл жағдайдан кейін Қасымбаевтың туыстары видеоүндеу жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын. Олар Хасанға жалған жала жабылғанын мәлімдеді.