Кәмелетке толмаған бала «Binance» криптобиржасында 5,6 млрд теңгеге цифрлық активтер айналымын ұйымдастырған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
биткоин бағасы
Кәмелетке толмаған бала «Binance» криптобиржасында тіркеліп, цифрлық активтер айналымын ұйымдастырған / Фото: kursiv.media архив

Алматы қаласында кәмелетке толмаған бала «Binance» криптобиржасымен жұмыс жүргізіп, 5,6 млрд теңгеге цифрлық активтер айналымын ұйымдастырғаны үшін 2 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәмелетке толмаған бала 2020 жылы ағасы мен туыстарының атынан «Binance» криптобиржасында аккаунт ашып, цифрлық активтермен жұмыс жүргізе бастайды.

Күдікті тұтынушыларды тарту мақсатында «Telegram» мессенджері мен «OLX» платформасында цифрлық активтерді айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландырулар орналастырған. Нәтижесінде 2021-2024 жылдар аралығында 5,6 млрд теңгенің цифрлық активтерінің заңсыз айналымын ұйымдастырған.

Өзінің жұмысы үшін айналымға енгізген цифрлық активтер сомасының 0,5-2,5% алып отырған. Бұл табысына ол Mitsubishi автокөлігін сатып алған.

Сот шешімімен күдіктінің бұл автокөлігі мен 5 172 доллар көлеміндегі қаражаты тәркіленген. Ал өзі ҚР ҚК 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2,5 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілген.

ҚМА мұндай заңсыз криптоайырбастау тетігін алаяқтар мен есірткі бизнесімен айналысатындардың жиі пайдаланатынын ескертіп, күікті операцияларды жүзеге асырудан сақ болуға шақырады.

Агенттік тергеу барысында 2024 жылы жалпы айналымы 60 млрд теңгені құрайтын 36 заңсыз крипто айырбастау пунктін жойған. Нәтижесінде 8 млн АҚШ доллары (шамамен 2,5 млрд теңге) көлеміндегі активтер бұғатталып тәркіленген.

Сондай-ақ оқыңыз