«Отбасы банк» нарықтан 200 млрд теңге қаржы тартпақшы

«Отбасы банк» биржаға төрт облигациялық несие шығарып, нарықтан 200 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы дерек «Астана» халықаралық қаржы орталығында жарияланды.
Әзірге қаржыны қандай мақсатқа тартатыны белгісіз.
«Отбасы банктің» негізгі акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. Осы айдың басында компания кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысын дамыту және ірі жобаларды жүзеге асыру үшін 8 трлн теңге бөлді. 2027 жылға дейін қаражатты 10 трлн теңгеге көбейту жоспарланған. Ол үшін холдингтің капитал көлемін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту керек.
Биыл мемлекет 500 млрд теңгеге 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның 300 млрд теңгесіне 21 мың жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға жұмсалмақ. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 120 млрд теңге көзделген. Қалған 80 млрд теңге қаражат «Отбасы Банктің» «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламаларына жұмсалады.