Жаңалықтар

«Шалбар шешуге мәжбүрледі»: Дикий Арманның адвокаты тергеу изоляторында қорлық көргенін айтты

Дикий Арман адвокаты құқығы бұзылғанын айтуда / Фото: instagram/kaz_advokat_talgat_yessimov, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қостанай қаласындағы №76 тергеу изоляторында қамауда отырған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) адвокаттарының құқықтары бұзылып жатыр. Мұндай мәлімдемені оның қорғаушысы Виктор Кривоносов жария етті.

Кривоносовтың айтуынша, ол жақында Жұмагелдиевке кірмек болған кезде, изолятор қызметкерлері оның өзін қорлайтын және заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеген. Адвокат кездесуге кірер алдында шалбарын шешуге мәжбүр болғанын айтады. Оның пікірінше, бұл жағдай адвокаттың ар-намысы мен кәсіби қызметіне қол сұғу болып табылады.

Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаменті адвокаттың шағымына қатысты түсініктеме берді.

«Қостанай қаласының тергеу изоляторына адвокаттар өздерінің кәсіби қызметін атқару мақсатында келді. Мекеме аумағына тыйым салынған заттардың өтіп кетуіне жол бермеу үшін барлық келушілер міндетті тексеруден өтеді», – деп түсіндірді  құзырлы орган.

Департаменттің мәліметінше, адвокаттарға режимдік мекемеде тексеруден өту тәртібі түсіндірілген. Тексеру кезінде адвокаттардың бірінен металл іздегіш белгі берген, содан кейін оған толық тексеруден өту ұсынылған.

«Дикий Арман» ісі жайлы…

Арман Жұмагелдиев ҰҚК-ның тергеу изоляторында өзінің тамырын кескен немесе біреулер кесіп кеткен. Оның адвокаты Евгений Яворский осылай деп мәлімдеме жасаған еді. Алайда Қылмыстық атқару жүйесінің комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарып, кінәні Жұмагелдиевтің өзіне артты.

Еске сала кетейік, жыл басында қаңтар ісіне қатысы бар Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталған болатын. Оның ісі бір жылдан артық қаралды.

Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікке ілінген. Бұл іске Жұмагелдиевтен бөлек, 43 адамның қатысы болған. Олардың қатарында Махатов қылмыстық тобының мүшесі саналатын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов бар.