
Елден көшіп кетушілер азайып, келушілер көбейді. 2024 жылы Қазақстанға сырттан 29 282 адам тұрақты тұру үшін келсе, өзге мемлекетке 12 732 отандасымыз көшіп кетті. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан тұрғындары шетелге көптеп қоныс аударып жатыр.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сенсек, қатарынан екі жыл бойы сыртқы көші-қонның оң сальдосы байқалып келеді. 2023 жылмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 15,3% артты, ал сыртқа көшіп кеткендер саны 20,9% азайған.
Бюро көрсеткіші негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүргенін көрсетіп отыр.
«Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан келгендердің үлесі 81,6% болса, осы елдерге кеткендердің үлесі 74,8% құрады», – делінген хабарламда.
Қай елден көшіп келіп жатыр
Қазақстанға қоныс аударғандардың басым бөлігі Қытайдан, Моңғолиядан және Түркиядан келіп жатыр. Елге оралғандар негізінен Алматы қаласында (6 260 адам) тұрақтауды құп көрген.
Қазақстандықтар қай елдерге көшіп кетті
Ал елден кетіп жатқандар негізінен Германия, Польша және АҚШ-қа баруды жөн көрген. Жыраққа қоныс аударып жатқандардың көш басында Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындары тұр. Теріскей аймақтан өткен жылы 2 133 адам шетелге кетіп қалған. Одан кейінгі орында Қарағанды (1 588) және Шығыс Қазақстан (1 195) облыстары тұр.