Сенатор Қожаев жүргізуші куәлігін беру тәртібін қатаңдатуды ұсынды

Қазақстанда көлік жүргізуге рұқсат беру процесі тым жеңілдетілген, сондықтан бұл механизмді қайта қарау қажет. Осылай деп мәлімдеген сенатор Марат Қожаев жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін қайта қарауды ұсынды.
Сенат кулуарында журналистер бұрынғы ІІМ орынбасарынан жүргізуші куәлігін алу талаптарын қатаңдату бойынша ұсынысы жайлы тағы да сұрады. Сенатор БАҚ өкілдеріне сөзін бұрмаламауын, тек әлемде мұндай тәжірибе бар деп ақталды. Қожаев құқық қорғау органдарында жұмыс істеген уақытында жол-көлік оқиғаларының себептерін көп зерттегенін мысалға алды.
«Еңбек жолымның бастапқы кезеңінде менде осындай көптеген істер болды. Сіздерге айтарым: автокөлікке қол жеткізу біздегідей жеңіл болмауы керек. Бізде жүргізуші куәлігін алу өте оңай», – деп атап өтті Қожаев.
Оның айтуынша, әлемнің көп елінде жүргізуші куәлігін алу— күрделі процесс. Нәтижесінде адамдар арнайы дағдыларды меңгереді, көлік жүргізудің жоғары қауіп-қатерін түсініп, оған қатысты барлық жауапкершілікті сезінеді деп пайымдайды.
«Үшіншіден, олар өздерінің жүргізуші куәліктерін бағалайды және оларға формальды түрде қарамайды», – деп атап өтті сенатор.
Марат Қожаев осыған дейін қалтасы қалың жүргізушілерге айыппұл жеңілдіктерін шектеуді ұсынған болатын. Айтуынша, қалталы азаматтар айыппұлды жеңілдікпен төлеп, жол жүру ережесін қайта бұзады.
Сондай-ақ, Қожаев 13 ақпанда жол ережесін жиі бұзатындар үшін 50% айыппұл жеңілдігін алып тастауды сұрап, премьер-министрге сауал жолдаған болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзған көлік иелеріне теориялық емтиханды қайта тапсыруды міндеттеуді талап етіп, тіпті қажет болса, жиі жол ережесін бұзатындарды куәлігінен айыру тетігін қарастыруды сұраған.
Ал премьер-министр Олжас Бектенов депутаттың бұл ұсыныс қолдады.