
Холи — Үндістандағы көктемнің келуін, жақсылықтың зұлымдықты жеңуін насихаттайтын мереке. Жылда пхалгуна айында (ақпан-наурыз) ай толған күні тойланады. Фестиваль датасы жыл сайын өзгереді. Биыл Холи фестивалі 14 наурызға тұспа-тұс келіп отыр.
Холи мерекесі негізінен Үндістанның солтүстігінде кең таралған. Фестиваль қызу тойланатын өңірлер: Вриндаван, Пенджаб, Матхура, Пушкар. Холи фестиваліне бір күн қалғанда базарларда сауда қызады. Бәрі жаңа киім, «Холика Дахан» рәсіміне қажетті заттар мен өсімдіктен жасалған табиғи бояулар сатып алады.
Солтүстік Үндістанның «алтын ұшбұрышы» аталған Дели, Агра, Джайпур қалаларында үйлер ерекше безендіріледі, көшеде «Happy Holi» деп бір-бірін құттықтап, бетіне бояу жағып жүрген адамдарды көресіз. Бұл күні бәрі мәдениетті өтеді, көшеде ешкім сізге бояумен тарпа бас салмайды. Нағыз «бояулар шайқасы» ертең басталады.
Холиге бір күн қалғанда көшелер мен алаңдарда қи тезек пен ағаштан қаланған, сабан қуыршағы бар түсініксіз үйінділерді байқайсыз. Бұл — Холика өртеу рәсіміне дайындық. Ымырт үйіріліп, қараңғы түскенде тұрғындар жиналып, осы үйінділерге от қояды. Осылай Холи фестивалі ресми түрде Холиканы (зұлым мыстан әйел образы) өртеуден басталады.
Ертеңіне таңнан бастап, әр елдімекеннің орталық көшелерінде бояулар фестивалі өтеді. Бұл күн «Рангвали Холи» деп аталады. Көшеге шыққан кез келген адам фестиваль қатысушысы саналады. Яғни көзіңізге көрінген адамның бәрінің бетіне, үстіне бояу жаға аласыз деген сөз. Ол адамды тану шарт емес, сізге ешкім ренжімейді.
Холи — адамдар кастаға, әлеуметтік тапқа, дін мен ұлтқа бөлінбейтін бірлік мерекесі. Мұнда бәрі — тең, бәрі — көңілді, бәрі мың бояулы көктемді тойлайды.
Холи мерекесі қайдан шыққан?
Холи мерекесінің пайда болуы жайлы түрлі аңыз бар. Солардың бірнешеуіне тоқталайық:
#1 аңыз:
Хираньякашипу деген патша өзін құдай деп жариялап, қол астындағылардың бәрінен өзіне табынуды талап етеді. Патшаның ұлы Прахлад Вишну құдайына құлшылық етіп, әкесін мойындамайды. Бұған ашуланған патша әпкесі Холикаға «баламның көзін құрт» деп тапсырады. Холиканың отқа күймейтін қасиеті бар еді. Ол Прахладты «Өзің сенетін құдай үшін отқа кірейік» деп үгіттейді. Қашып кетпесін деп, баланың қолынан ұстап, өзі де оттың ішіне кіреді. Прахлад Вишнуды мадақтап ән айтады, құдай бейкүнә баланы құтқарады. Ал от дарымайды деген арам пиғылды әпкесі Холика отқа жанып кетеді. Содан бері жылда Холи мерекесі басталардан бір күн бұрын халық қи тезек пен ағаштардан үлкен от жағып, Холика бейнесінде жасалған сабан қуыршақты өртейді.
#2 аңыз:
Жоғарыда баяндалған аңыздың тағы бір нұсқасы бар. Онда Холика зұлым мыстан емес, жақсы адам кейпінде келеді. Патша ұлының басқа құдайға табынғанына ызаланып жүргенде, әпкесі Холика жас баланы қолдап, демеу болады. Бұған ашуланған патша екеуін де өртеуге бұйрық береді. Ханзада Прахлад өз құдайынан әпкесі Холиканы құтқаруды сұрайды. Құдай оған оттан қорғайтын түрлі-түсті орамал жібереді. Сарбаздар Холиканы ағашқа байлағанда, ханзада оның үстіне түрлі-түсті орамал жауып, өзі жанына отырады. Екеуінің үстіне от қойылғанда, желмен ұшқан орамал Прахладтың үстіне түседі. Холика інісіне махаббатпен қарап тұрып, отқа жанып кетеді. Ал ханзада тірі қалады. Содан бері Үндістан халқы Холи мерекесінде оттан қорғайтын түрлі-түсті орамал символы ретінде бір-біріне бояу жағып, тойлатады.
#3 аңыз:
Бірде Шива құдайы ашуланып, махаббат құдайы Камадеваны өртеп жібереді. Кейінірек Камадева Кришна құдайдың ұлы болып қайта өмірге келеді. Содан бері халық жылда Холи мерекесінде Камадеваны ұлықтап, оған гүлдер мен түрлі-түсті бояулардан тұратын сыйтабақ ұсынады.
#4 аңыз:
Бұл аңыз Радха мен Кришнаның махаббаты жайлы. Жас Кришна анасы Яшодаға келіп, «Радха аппақ, мен қарамын» деп жылайды. Анасы «Радханың бетіне бояу жағып көр, сонда бірдей боласыңдар» деп кеңес береді. Екеуінің бір-біріне бояу жағып ойнауынан Холи мерекесі пайда болған деседі. Холиді Кришнаның туған жері — Матхура аймағында кең көлемде атап өтеді.
Холи фестиваліне баратын туристер нені ескеруі керек?
- Холиге киген киімді қайта кие алмайсыз. Тіпті, аяқ киім мен іш киімге дейін іске жарамай қалады. Сондықтан тастауға қиналмайтын киім киіңіз. Арнайы арзан киім сатып алуға немесе ескі киімдеріңізді киюге болады.
- Холи мерекесінде көшеде кездескен адамның бәрі үстіңізге бояу жағады. Көз, құлақ, ауыз бен мұрынды сақтаңыз. Бояулардың құрамы табиғи болғанымен, аузы-мұрнына борпылдақ ұнтақ толғаны ешкімге ұнай қоймасы анық. Сондықтан көзіңізге айналасын толық жауып тұратын көзілдірік, ауыз бен мұрынға маска киген дұрыс.
- Фестивальге бағалы әшекей тақпаймыз, мүмкіндігінше, сөмке алмаймыз. Алсақ та, сыртына бояу жұқпайтын, көлемі шағын, кеуде тұсымызда тұратын сөмке ғана аламыз. Қалың нөпір адамның арасында жүргенде артық уайым қажет емес.
- Телефоныңызға мұқият болыңыз. Холиден кейін жаңа телефон сатып алғыңыз келмесе, сыртына гаджетіңізді бояудан қорғайтын қаптама алыңыз.
- Холиде ереже жоқ. «Мен басқа шаруамен жүрмін, фестивальге қатыспаймын» дегенді ешкім түсінбейді. Көшеге шықсаңыз болды, «бояу жағуға ашықпын» деген сөз. Сізден сұрамай-ақ бәрі үстіңізге бояу жаға береді. Сондықтан фестиваль күні жай дүкенге шықсаңыз да, бірден арнайы киіммен, дайындықпен шығыңыз.
- Бояу оңай кету үшін фестивальден алдын денеңіздің ашық жерлеріне май жағып алыңыз.
Қауіпсіздік мәселесі:
- Холиде ер адамдар көп болады. Өкінішке қарай, фестивальде турист қыздардың харассментке ұшырау ықтималдығы бар. Қалың адам арасында фестиваль тойлап жүргенде денеңізге қол тигізіп, жеке шекараңызды бұзатын адамдар болуы мүмкін. Сақ болыңыз! Ең дұрысы, фестивальде достармен, үлкен топ болып жүрген жақсы.
- Үндістанда Холи мерекесінде жастардың көбі «бханг тандаи» деген сусын ішеді. Бұл сусынның ішіне сүт пен кендір шөп (есірткілік зат) қосылады. Маңызды: ешкімнің қолынан сусын ішпеңіз! Көшедегі адамдар кейде өзін ерсі ұстауы мүмкін екенін қаперде ұстаңыз.