
Астана сотында қазақстандық әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажмұқанұлына қатысты іс қаралып жатыр. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, басты сот талқылауы 2025 жылдың 13 наурызында басталған, деп хабарлайды KursivMedia.
Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов қарап жатыр. Ол бұған дейін бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты істі қарап, үкім шығарған.
Аңсар Қажмұқанұлы қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа тартылған. Бұл бапта аса ірі мөлшердегі алаяқтық әрекеті көрсетілген. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ресми ақпаратқа сәйкес, сотталушы сот процесі барысында қамауда болады.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аңсар Қажмұқанұлына 2024 жылдың 23 қазанында іздеу жариялаған.
Аңсар Қажымұқанұлы мен Сиви Махмуди он жылдай некеде болған. Әнші бұған дейін 2020 жылы ажырасқанын, содан кейін Аңсар Қажымұқанұлымен араласпайтынын айтқан. Тіпті өз есімін экс-күйеуіне қатысты іспен байланыстыра бермеуді сұрады.