Жаңалықтар

Shoqan School Көрісу күнін ұлттық фестиваль түрінде кең көлемде атап өтті

Shoqan School Көрісу күнін ұлттық фестиваль түрінде кең көлемде атап өтті
Shoqan School Көрісу күнін ұлттық фестиваль түрінде кең көлемде атап өтті/Фото: Shoqan School баспасөз қызметі

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп – Shoqan School Көрісу күнінде ауқымды Ұлттық фестиваль өткізді.

Бұл күні оқушылар мен ұстаздардан бастап, ата-аналарға дейін ұлттық нақышта киініп, балалар бір-бірімен құшақтаса көрісті.

Фестиваль аясында 23 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Оқушылар киіз үй уығын жинап, қолөнер туындыларын жасады. Жүн түтіп, жіп есу, құрақ құрап, садақ ату бойынша шеберлік сыныптарына қатысты. Домбырашылар ортекі секіртіп, «Дәстүр quiz» интеллектуалдық ойнын ойнады. Ұлттық киімдердің сән көрсетілімі көптің көзайымына айналды. «Ғасыр сазы» ұлттық музыка ансамблі күй мен домбыраның әуезді сазымен мерекелік атмосфераны жандандыра түсті.

 «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қоры әжелерінің шеберлік сыныбы
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қоры әжелерінің шеберлік сыныбы

Шеберлік сыныптарының бірінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қорының әжелері жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, туған жерді, ана тілді құрметтеу туралы мазмұнды әңгіме айтып, ұрпақтар сабақтастығы туралы даналық ойларын ортаға салды. Әсіресе, қазақ әйелінің мәдениеттегі рөлі, ұлттық әйел бейнесінің сұлулығы және оның қазіргі қоғамдағы маңызы кеңінен талқыланды.

Домбыраға әуес оқушылар үшін әйгілі күйші, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектің шеберлік сыныбы өткізілді. Белгілі композитор өнерлі оқушыларға өзінің бірнеше туындыларын тарту етіп, атақты «Көңіл толқыны» күйін дұрыс орындаудың сырын айтты. Жас домбырышылар өз кезегінде белгілі композиторлардың алдында бірнеше күй орындады. Оқушылардың талабына сүйінген Халық әртісі жас өнерпаздарға ақ жол тілеп, батасын бере отырып «Көңіл толқынын» оқушылармен бірлесе шертті.

Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектің шеберлік сыныбы
Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектің шеберлік сыныбы

Фестивальге келген ата-аналардың ішінде әнші Мадина Сәдуақасова да жүр.

«Біз ұлым Әнуар екеуміз этно-стильде киініп, осы күнге арнайы дайындалдық. Өзіміздің «4 k» сыныбының атынан біз шықтық. Фестивальді керемет етіп ұйымдастырыпты. Мектепте ұлттық нақышқа ерекше мән беріледі. Кіреберісте үлкен киіз үй тұрады. Қоңыраудың орнына күмбірлеген күй ойнайды. Қазақ тіліне маңыз береді. Арнайы домбыра сыныбы бар. Баламыздың домбыра тартып, күй шертіп түрлі қыры ашылып жатыр. Одан бөлек ұлым бұрын қызықпаған баскетболды өте жақсы ойнап, мектеп құрамасына кірді. Шахматтан разряд алдық. Сурет салатын болды. Осы мектепте оқығалы ағылшынын күшейтіп алды» дейді әнші.

Фестиваль оқушылардың ұлттық би билеп, ән айтқан «Достық пен мейірім ошағы» концертімен түйінделді.

Концерттен кейін сөз алған Shoqan School негізін қалаушысы, эколог Әсел Тасмағамбетова мектеп сапалы біліммен қатар ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттауды миссия етіп алғанын айтты.

«Біз жан-жақты дамыған, еліміздің салт-дәстүрі мен мәдениетін жақсы білетін балаларды тәрбиелеп шығару бағытын таңдадық. Өйткені өз елін тану, сүю, құрметтеу әр баланың, әр азаматтың қасиетті борышы. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» демекші, бүгін біздің жас күйшілеріміз өнерін ұсынды. Балалар домбыра үні арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, мәдениетімізді бойына сіңіріп өседі. Сол себептен біз 5 жыл бұрын бірінші сыныпқа домбыра сабағын енгіздік. Бұл бастаманың нәтижесін бүгін көріп отырсыздар. Осындай фестивальдер – ата-бабамыздың асыл мұрасымен жақын танысу мүмкіндігі ғана емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Мұнда аға буынның даналығы жас ұрпаққа беріліп, олардың болашағының мызғымас іргетасы қаланады. Себебі елдің болашағы – білімді, өз тамырын терең сезінетін жастардың қолында», – деді ол.

Фестивальде өнер көрсетіп, сан қырынан танылған жас өнерпаздар сахнаға шыққанда жиылған жұрт ұзақ қошемет көрсетіп, ыстық ықыласын жеткізді.