Air Astana әуе компаниясының 2024 жылғы түсімі 1,3 млрд долларды құрады

Air Astana әуе компаниясы мен оның еншілес лоукостері FlyArystan 2024 жылы 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде түсім алды. Бұл 2023 жылдың көрсеткіштермен салыстырғанда 12,4%-ға жоғары.
Компания түсімінің өсіміне жолаушылар мен жүк тасымалынан түскен қаржы, сондай-ақ авиациялық қозғалтқышты кері жалға алу ықпал еткен.
Жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 1,2 млрд долларды құраса, ал жүк тасымалынан 26,3 млн доллар түскен. Сондай-ақ, компания қозғалтқышты сатып алып, бірден сату және оны кері жалға алу операциясынан 25 млн доллар табыс тапты.
Сонымен қатар Air Astana-ның шығыны да 13,5%-ға өсіп, 1,2 млрд долларға жетті. Соның салдарынан компанияның жылдық таза пайдасы 23,1%-ға төмендеп, 52,7 млн долларды құрады.
Былтыр Air Astana мен FlyArystan-мен бірлесіп 9 млн жолаушы тасымалдады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға көп.
«Біз IPO аясында берген уәделерімізді орындап, бірінші жылда айтарлықтай өсімге қол жеткіздік. Салалық шығындар мен өткізу қабілетіне қатысты қиындықтарға қарамастан, біздің нәтижелеріміз сенімді», – деп мәлімдеді компания басшысы Питер Фостер.
Сондай-ақ директорлар кеңесі компания тарихында алғаш рет дивиденд төлеуді ұсынды. Бір қарапайым акция үшін – 53,7 теңге, ал төрт акцияға құқық беретін ғаламдық депозитарлық қолхат үшін – 214,8 теңге көлемінде арнайы дивиденд төлеу жоспарланып отыр.
Air Astana-ның ірі акционері – 41% үлесті иеленетін «Самұрық-Қазына» қоры. Сонымен қатар, акциялардың 23,27%-ы жеке инвесторлардың номиналды иелігінде, британдық BAE Systems компаниясына – 16,95% тиесілі болса, ал БЖЗҚ меншігінде 6,51% бар.