
Президент Қасым Жомарт-Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында елде қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.
Оның пікірінше, салық реформасына қатысты батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, Қазақстан бұдан да зор қиындыққа тап болуы мүмкін.
«Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент қолға алынып жатқан салық реформалары халыққа дұрыс түсіндірілмей жатқанына назар аударды.
«Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек», – деді жиын барысында.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұсалатыыны атап өтіп, Үкіметке жыл соңына дейін артық шығынды қысқартуды тапсырды.
«Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс», – деді Президент.
Ел үкіметі ақпан айында салық реформасын ұсынған. Бюджеттегі қаржы тапшылығын жашу үшін қосылған кұн салығына 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру ұсынылып отыр. Салық кодексіне енгізелетін өзгерістер қазір мәжілісте қаралып жатыр.