Банк пен қаржы

Автожол, электр станциялары мен зауыттар: алдағы 4 жылда 800 инвестициялық жоба іске қосылмақ

Жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылақ / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

2025 жылы экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы екі есе өсіп, 8 трлн теңгені құрамақ. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында айтты.

«Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр»,- деді ол.

Президенттің айтуынша, алдағы төрт жылда жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығая түспек.

Биыл қандай жобалар қолға алынады?

2025-2026 жылдары Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған.

Президент Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасы салынатынын, сондай-ақ, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатыны айтып өтті.

Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін «Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды.

Одан бөлек, Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі.

«Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. «Достық-Мойынты» темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады.

Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады.

Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор», – деді Тоқаев.

Торғай өңірінің дамуына әсер ететін жоба

Сонымен қатар Тоқаев үкіметке Астананы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстыратын автожол салуды тапсырғанын мәлімдеді. Бұл күре жол Арқалық, Торғай және Ырғыз өңірлерін байланыстырмақ.

«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Тоқаев Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн деді.

Сонымен қатар президент елдегі салық реформасына қатысты пікір білдіріп, бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайтынына назар аударды.