
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтап, әз-Наурыз мейрамының осы күнмен басталатынын атап өтті.
Ақорда жария еткен құттықтауда Амал күнінде қазақ халқының бір-бірімен көрісіп, амандық білісетіні туралы және мұның ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр екені жазылған.
«Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі», – делінген президент құттықтауында.
Бұған қоса, Тоқаев соңғы жылдары әз-Наурыз алдындағы көрісу дәстүрі жаңғырып жатқанын атап өтті.
«Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Айдан аман, жылдан есен болайық!» – делінген президент құттықтауында.
Айта кетейік, Көрісу немесе Амал мерекесі – қазақ халқының қыстан аман шығып, бір-бірінің хәл-жағдайын сұрайтын ерекше дәстүрі. Дәстүрді еліміздің батысында жақсы сақтап қалған. Соңғы жылдары мереке Наурыз мейрамының бастауы ретінде жалпыұлттық дәстүрге айналып, қайта жаңғырып келеді.