
Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Бекзат Алтынбеков Ұлттық құрылтайда елдегі діни ахуал, қаралы жиындарды өткізу мәдениеті және той өткізу саласындағы кемшіліктер жайлы мәселе көтерді. Әсіресе, хиджаб мәселесі, жат ағымдар, қаралы жиындарды саясиландыру, асаба мәдениетінің төмендеуі, той өткізу дәстүрінің бұзылуы сынды тақырыптарға ерекше тоқталды.
Асабалар бетімен кетті, той мәдениетін түзеу керек
Қазақ халқы үшін той – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүр. Алайда бүгінде той өткізу мәдениеті өзгеріске ұшырап, кейбір асабалардың шектен тыс еркіндігі қоғамда теріс пікір қалыптастырып отыр.
«Бүгінде асабалар мәдениеті жоғалып барады. Той жүргізушілердің арасында арзан әзіл айтып, қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратындар бар. Кейбір тойларда шариғатқа қайшы іс-әрекеттер де орын алып жатады. Біз осыны реттеуіміз керек. Қазақтың тойы – тәрбие мен мәдениеттің ошағы болуы тиіс. Сондықтан той өткізу мәдениетін жүйелейтін уақыт келді» – деді Алтынбеков.
Бекзат Алтынбеков асабалардың жұмысына жауапкершілік жүктеу қажеттігін айтады. Оның айтуынша, той ұйымдастыруға белгілі бір ережелер енгізіліп, асаба болуға қойылатын талаптар белгіленуі тиіс.
Қаралы жиындар саясиланып кетті
Бекзат Алтынбековтің айтуынша, соңғы уақытта қоғамда қаралы жиындарды белгілі бір саяси мүдделер үшін пайдалану үрдісі байқалып отыр. Кейбір топтар марқұмның беделін пайдаланып, қаралы жиынды саяси насихат алаңына айналдырып жіберуде. Бұл үрдіс, оның пікірінше, қарапайым халықтың қайғысын өз мақсатында пайдалануға әкеліп, жалпы қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін.
«Қазақтың дәстүрінде қаралы жиын – аза тұтуға, марқұмның өмірден өткенін еске алуға арналған. Бірақ соңғы кезде мұндай жиындарда түрлі саяси ұрандар айтылып, қаралы үйдің қайғысын ескерместен, басқа мақсаттарды көздейтіндер көбейіп кетті. Бұл – дұрыс емес. Біз қаралы жиындардың өткізілу тәртібін реттеуіміз керек» – дейді Бекзат Алтынбеков.
Осы ретте, Ардагерлер ұйымы мен Ақсақалдар кеңесінің қаралы жиындарды өткізу ережесін әзірлеу бастамасын көтеріп отырғанын атап өтті. Мұндай жиындарды өткізуге қатысты мәдени нормалар мен ортақ ережелер бекітілуі қажет.
Хиджаб мәселесі мен жат ағымдар
Қазіргі таңда елімізде діни киім кию мәселесі жиі талқыланады. Әсіресе, мектептердегі орамал тағу мен жастардың жат ағымдарға кетуі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр.
«Жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан еліміздегі медреселердегі білім сапасын күшейтіп, діни ағартушылық жұмыстарын жүйелеу қажет. Мемлекет діни оқу орындарын қатаң бақылауға алып, білім беру стандарттарын жетілдіруі тиіс» – дейді Алтынбеков.
Сондай-ақ кейбір мешіттер мен діни оқу орындарының қаржыландыру көздері ашық болуын талап ету керек екенін айтты. Бұл – елімізде діннің мемлекет саясатына қарсы құрал ретінде қолданылуына жол бермеу үшін жасалатын маңызды қадам.