
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда еліміздегі футболдың дамуы мен спорт инфрақұрылымын жақсарту туралы пікір білдірді. Президент балалар футболын дамыту, стадиондарды жаңғырту және клубтық футболды коммерцияландыру қажеттігін атап өтті.
Футбол алаңдары барлық жерде болуы керек
Тоқаевтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол алаңдары барлық облыс, аудан орталықтарында, ауылдар мен кенттерде салынуы қажет.
«Бұл – алдағы екі жылда шешілуі тиіс міндет. Оның орындалуын жіті тексереміз,» – деді Президент.
Бұқаралық спорттың, әсіресе, футболдың дамуы жастар арасындағы лудомания, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәселелердің алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.
Стадиондар жаңғыртылып, жаңалары салынуы керек
Президент облыстық стадиондарды жаңғырту немесе жаңа футбол стадиондарын салу қажеттігін айтты. Бұл жұмыстарды демеушілердің қаржылық қолдауы арқылы жүзеге асыруға болатынын жеткізді.
Клубтық футболды коммерцияландыру қажет
Тоқаев қазақстандық футбол клубтарының тек облыстық бюджетке тәуелді болмауы тиіс екенін айтты.
«Клубтар шетелдегі сияқты өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады,» – деді Президент.
Бизнес өкілдері балалар спортын дамытуға үлес қосуы тиіс
Тоқаев мемлекеттің қолдауымен балалар спортының қарқынды дами бастағанын, алайда бұл жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Бизнес өкілдері де осы іске зор үлес қоса алады,» – деді Мемлекет басшысы.