«Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданады / Фото: shutterstock

Елде «Қазақстан балалары» атты жаңа жоба басталады. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан IV Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент осы жылы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алуға қатысты жоспардың мерзімі де аяқталатынын мәлімдеді. Осы орайда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданғанына тоқталып өтіп, заңдарға маңызды өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

Айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты бұл заң қабылданған соң, елдегі ахуал біршама жақсарған. Десе де, кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмағанын айтты.

«Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн», – деді президент.

Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек екенін ескерткен президент, бала оқыту ісіне көбірек назар аудару қажет екенін айтты.

«Ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, бұл құрылтайда президент уақыт белдеуіне қатысты пікірталасқа да нүкте қойып, елдіңбір уақыт белдеуінде қалатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз