Air Astana акционерлеріне арнайы дивиденд төлемекші

Air Astana әуе компаниясы акционерлеріне арнайы дивиденд енгізіп, дивидендтік саясатын кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы AIX-тің ақпараттық орталығынан хабарлайды.
Компанияның директорлар кеңесі 2024 жылғы жылдық жалпы жиналыста акционерлерге бір қарапайым акцияға – 17,7 теңге, ал бір ғаламдық депозитарлық қолхатқа (ҒДҚ) – 70,9 теңге көлемінде дивиденд төлеуді ұсынды. ҒДҚ төрт қарапайым акцияға тең. Егер бұл ұсыныс акционерлер тарапынан мақұлданса, жалпы төлем сомасы 6,3 млрд теңгені құрайды.
«Бұл IPO кезінде белгіленген орта мерзімді болжамнан жоғары», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Сонымен қатар 2024 жылғы қаржылық көрсеткіштердің тұрақтылығы мен компанияның мықты балансы ескеріле отырып, директорлар кеңесі арнайы дивиденд төлеуді ұсынды:
- Бір қарапайым акцияға – 36 теңге;
- ЖДҚ-ға – 143,9 теңге.
Бұл жағдайда жалпы дивиденд 12,8 млрд теңгеге жетеді.
«Жалпы ұсынылған дивиденд көлемі (әдеттегі және арнайы) 53,7 теңгені құрайды бір қарапайым акцияға және 214,8 теңгені – ГДҚ үшін. Акционерлердің жылдық жалпы жиналысы 2025 жылғы 31 мамырға дейін шешім қабылдауы тиіс, ал төлемдер 2025 жылдың ортасында жүргізіледі», – делінген авиакомпания хабарламасында.
Дивиденд саясатвн кеңейту
Air Astana директорлар кеңесі жаңа кеңейтілген дивидендтік саясатты бекітті. Бұған дейін компания таза пайдасының 20%-на дейін ғана дивиденд ретінде төлеуге міндеттелсе, жаңа саясатқа сәйкес, енді жылдық шоғырландырылған таза пайданың 30%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін дивиденд ретінде төлеу қарастырылған.
2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Air Astana Лондон қор биржасы (LSE), Қазақстан қор биржасы (KASE) және Астана халықаралық биржасында (AIX) акцияларын орналастырды. IPO барысында омпания 370 млн доллар инвестиция тартты.
Kursiv.Мedia жыл басынан бері акциялары төмендеген компаниялардың ондығын жасаған еді. Олардың арасында Air Astana да бар.