Трамп Ресейдің энергетика және банк секторына жаңа санкциялар салуы мүмкін

АҚШ Ресейдің энергетика және банк секторына қарсы жаңа санкциялар енгізбекші. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жоспарларымен таныс дереккөздерге сілтеме жасап CBS телеарнасы хабарлады.
Әзірге Ақ үй бұл жайлы ресми мәлімдеген жоқ. Бірақ Кремль санкцияларды заңсыз деп есептейтінін білдірді.
Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ Қаржы министрлігіне сілтеме жасап, Вашингтон 8L лицензиясының мерзімін ұзартпағанын хабарлады. 8L лицензиясы шетелдік компанияларға Ресейдің санкцияға ұшыраған банктері арқылы энергоресурстарға төлем жүргізуге мүмкіндік береді.
АҚШ Қаржы министрлігі мұндай қадамның нақты себептерін түсіндірмеді. Лицензия мерзімі 2025 жылдың 12 наурызында аяқталды. Ол арқылы бірнеше ресейлік банктер мұнай, газ, көмір және басқа да энергоресурстарды сатып алу бойынша төлем жасап жүрген еді.
Американың Ресейге қарсы санкцияларды қайта қатаңдатуы жайлы ақпарат 11 наурызда Жиддадағы кездесудан кейін айтыла бастады. Ол жерде америкалық және украиналық тарап келіссөздер жүргізген еді. Жиыннан кейін Киев 30 күнге атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың айтуынша, Вашингтон Киевке қару-жарақ пен барлау мәліметтерін қайта жеткізуді бастауы керек.
Ресей президенті Владимир Путин де атысты тоқтату ұсынысына келісеміз, бірақ реттеу керек тұстары бар деген еді. Мәскеу Украинаның НАТО-ға мүшелігінен бас тартуын, Қырымның және соғыс кезінде басып алған тағы төрт аумақтың ресейлік екенін мойындағанын қалайды.