Каспий теңізі 2100 жылға қарай 21 метрге тартылуы мүмкін. Ғалымдар қабыл қағып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Каспий теңізі 2100 жылға қарай 21 метрге тартылуы мүмкін
Каспий теңізі 2100 жылға қарай 21 метрге тартылуы мүмкін/Фото: biorxiv.org

Каспий теңізі деңгейінің небәрі 5-10 метрге төмендеуі жергілікті биоалуантүрлілік пен аймақтық қауымдастықтарға жойқын әсер етеді. Бұл туралы Халықаралық зерттеушілер қауымдастығы, оның ішінде Қазақстандағы Гидробиология және экология институты мен Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының ғалымдары жүргізген жаңа зерттеуде айтылады.

Зерттеуде Каспий теңізі 300-ден астам эндемикалық омыртқасыздар мен 76 эндемикалық балық түріне бай екені айтылады. Егер теңіз деңгейі 5 немесе 10 метрге төмендесе, уылдырық шашу аймақтарының 57%-ын немесе 81%-ын жоғалтуы мүмкін. Сонымен қатар, соңғы 50 жылда саны 90%-ға азайған бекіре тұқымдас балықтардың таяз аймақтардағы тіршілік ету ортасы тағы 25-45%-ға қысқарады.

BioRxiv ғылыми жарияланымдар порталында жарияланған мақалада теңіз деңгейі 2100 жылға қарай 21 метрге төмендеуі мүмкін деген болжам жасалады.

Экожүйе мен экологияға зардабы

Теңіз деңгейі төмендеген сайын Каспийдің аймақтағы экожүйелерге тигізетін қолайлы әсері де айтарлықтай әлсірейді. Болжамға сәйкес, бұл өзгерістер 80%-дан астам экожүйе мен экологиялық маңызы бар аймақтарға ықпалын тигізеді.

Мысалы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы су тапшылығы дағдарысын одан әрі күшейтеді. Бұған қоса, инфрақұрылымға, аймақтың экономикалық тұрақтылығына және жергілікті қауымдастықтардың әл-ауқатына ауыр зардаптарын тигізеді.

Жыл сайын миллиондаған тонна жүк тасымалдайтын маңызды сауда дәлізі саналатын Ресейдегі Еділ өзені жақын арада кемелер жүре алмайтын жағдайға ұшырауы мүмкін, бұл аймақтағы логистикалық тізбектердің бұзылуына соқтырады. Ал Ақтаудағы тұщыландыру зауыты судың төмен деңгейіне байланысты қазірдің өзінде қиындықтарға тап болуда.

Ғалымдар не дейді

«Каспий теңізін сақтайық» экологиялық науқанын бастаған экологиялық заңгер Вадим Ни Каспийдің тартылуы тек экологиялық дағдарыс емес, сонымен қатар гуманитарлық және экономикалық апат екенін айтады.

«Қазіргі зерттеулер біздің бұрыннан бері айтып келе жатқан мәселелерімізді тағы бір мәрте растап отыр. Бұл проблеманы шешу үшін кешенді көзқарас пен халықаралық деңгейде ынтымақтастық қажет», – дейді ол.

Сарапшылардың болжауынша, 2028 жылға қарай Орталық Азия созылмалы су тапшылығы кезеңіне кіреді. Қазақстан үшін Каспий теңізінің 20%-ын жоғалту болжап болмайтын экологиялық және экономикалық зардаптарға әкелуі мүмкін.

Кеше ұлттық құрылтайтың кезекті жиынында президент Каспий теңізіне байланысты экологиялық ұйым ашу мүмкіндігі туралы айтты. Ұйым Каспий теңізіндегі итбалық мен қызғылт қоқиқаздар секілді алуан түрлі флора мен фаунананы қорғаумен айналысуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз