
Киевте өткен баспасөз мәслихатында Украина президенті Владимир Зеленский елдің Қарулы Күштері Ресейдің Курск облысындағы операцияны аяқтағанын жеткізіп, операция «өз міндетін орындады» мәлімдеді.
Оның айтуынша, Курсктегі шабуыл нәтижесінде Ресей әскері күштерінің бір бөлігін Харьков және Покровск бағыттарынан әкетуге мәжбүр болған. Соның салдарынан бұл өңірлердегі жағдай «тұрақталды» ал Ресей армиясына «Покровскіні қайтадан басып алу мүмкіндігін табу өте қиын болады» деп есептейді Зеленский.
Трамптың сөзі
АҚШ президенті Дональд Трамп Курск облысында мыңдаған Украина сарбазы Ресей армиясының толық қоршауында қалып, өте қиын жағдайда тұрғанын мәлімдеген. Truth Social желісіндегі жазбасында ол Ресей президенті Владимир Путинге «олардың өмірін сақтап қалуды өтініп, шұғыл түрде жүгінгенін» айтқан.
Путин не деді
Трампқа жауап ретінде Ресей президенті Владимир Путин Курск облысында қаруын тастап, тұтқынға берілген Украина әскери қызметкерлерінің өміріне кепілдік берілетінін және олар әскери тұтқындар ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.
Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы Telegram-арнасында Украина әскерлерінің Курск маңында қоршауда қалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, өңірде «әскери бөлімдердің қайта топтасуы жүріп жатқанын» хабарлаған болатын.