
SpaceX компаниясы жаңа экипажы бар зымыранды Халықаралық ғарыш стансасына ұшырды. Бұл туралы NASA сайты хабарлады.
Falcon 9 зымыраны оған бекітілген Crew Dragon кемесімен бірге Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшқан. Кеме бортында төрт адамнан тұратын экипаж бар. Олардың қатарында NASA астронавттары Энн МакКлейн мен Николь Айерс, жапондық астронавт Такуя Ониши және ресейлік ғарышкер Кирилл Песков бар.
Crew Dragon кемесі Жерге орбитада тұрып қалған америкалық астронавттар Суни Уильямс пен Бутч Уилморды алып келеді деп күтіліп отыр. Олар ХҒС-тан өткен жылдың тамыз айында қайтуға тиіс еді. Алайда, Boeing компаниясы өндірген «Старлайнер» кемесінің қозғалтқышында ақау шығып, оны Жерге экипажсыз қайтару туралы шешім қабылданды. Осының салдарынан Уильямс пен Уилмор стансада қосымша тоғыз айға қалып қойды.
Уилмор мен Уильямспен бірге Dragon қайтару капсуласында NASA астронавты Ник Хейг пен ресейлік ғарышкер Александр Горбунов да болады.
Crew-10 кемесі ХҒС-пен сенбіден жексенбіге қараған түні түйіседі деп жоспарланып отыр. Осыдан кейін ғана экипажды Жерге оралуға дайындықты бастай алады. NASA есебіне сәйкес, олар 19 наурыздан ерте қайтпайды.
Быртыр жыл соңында SpaceX жеке ғарыш компаниясының акциясы 350 млрд долларға жеткен. Компания миллиардер Илон Маскке тиесілі.