
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында 15 жыл бұрын қызмет барысында қаза тапқан полицейге арнап сынып ашылды деп хабарлайды KursivMedia.
Ауданда орналасқан Оразалы Жұмабеков атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылып, оған 2010 жылы қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция капитаны Сәкен Әшімовтің есімі берілді.
Ашылу салтанатына Ұлытау облысы полиция департаменті бастығы Қайыркен Әлиев пен Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев, марқұм полицейдің туыстары қатысты.
«Менің жолдасым 10 жылдан аса құқық қорғау органдарында, соның ішінде Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінде қызмет етті. Учаскелік инспектордан бастап, анықтау тобының аға анықтаушысы қызметін атқарды. Қызметін атқару кезінде қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті орнатуға атсалысты. Небәрі 28 жыл өмір сүрді», – деді полицейдің жесірі Жанар Жұмабаева.

2011 жылы Қарағанды облыстық полиция департаменті ғимаратындағы қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқандардың мемориал тақтасына Сәкен Әшімовтің де аты жазылған.
«Бұл – Сәкен Әшімовке деген үлкен құрмет. Бұл – Қазақстанның ішкі істер министрлігі тарапынан көрсетілген қолдау. Мұндай қолдау әлі де жалғасын тауып келе жатыр. (…) Менің жолдасым егемендігіміз нығайтуға күш-жігерін салды. Соңғы демі құқық қорғау органдарына қызмет ету барысында үзілді», – деді Жұмабаева.
Сәкен Әшімов 2010 жылдың шілдесінде қызмет барысында қаза тапқан. Артында Жазира Салтанатова есімді қызы қалды.