
Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы резеңке дөңгелектер өңдейтін зауытта шыққан өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ресми ақпарат бойынша, өрт 500 шаршы метр аумаққа тараған. Резеңке бұйымдар өңдейтін ЖШС аумағының сыртында жиналған дөңгелектер жанған.
«Оқиға орнына мән-жайды анықтау органының лауазымды қызметкері мен өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – делінген ресми ақпаратта.
Айта кетейік, өрт туралы ақпарат 2025 жылдың 15 наурызында тарады. Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің 12 техникасы мен жеке құрамнан 37 адам тартылған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов те барды. Өрт сағат 16:00-ден кейін оқшауланды.