
Қостанай облысында республикалық маңызы бар «Мариновка ауылына кіреберіс» автожолының 9 шақырымын су басты. «ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, бұған 16 наурыз сағат 11:00-де ауа температурасының күрт жылынуы мен қардың еруі себеп болған.
«Су басқан учаскенің ұзындығы шамамен 40 метрді, ал тереңдігі 10 см құрайды.
Бұл учаске Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап аумақтағы Желкуар өзенінің бойында орналасқан. Көпір өткелінің болмауына байланысты аталған учаскеде жыл сайын су тасқыны қайталанып тұрады», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту белгілері орнатылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 бірлік арнайы техника және 3 маман жұмылдырылды. Қазір автожолда қозғалысқа шектеу қойылмаған.
Сондай-ақ бұл учаскеде Ресей Федерациясымен бірлескен көпір өткелін салу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.