Шерзат Полат ісі: изоляторда туған күн тойлағандар бөлек камераға орналастырылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат Полат ісі
Шерзат Полат ісі/фото: коллаж kursiv.media, Ахтам Зиперов

Алматы облысында жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қамауға алынғандар туған күн тойлаған видеодан кейін бөлек камераларға орналастырылды. Бұл туралы облыс полициясы KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, күдіктілердің ұялы телефон мен «Алиса» құрылғысын қолданып, туған күн тойлап жатқан бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы негізінде қызметтік тергеу жүргізген.

Нәтижесінде мұндай әрекетке жол берген кінәлі тұлға анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылған.

«Сонымен қатар бірқатар лауазымды тұлғалар мен басшылар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді полиция.

Желіде тараған видеоға сәйкес, қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандар бір камерада отырған. Алматы облысы полиция департаменті күдіктердің бөлек камераларға орналастырылғанын, оларға заңға сәйкес тиісті шара қабылданғанын мәлімдеді. Алайда қандай шара екенін нақтыламады.

Айта кетейік, 2025 жылдың ақпанында Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны көрсетілген видео тарады

Содан кейін Ішкі істер министрлігі Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторындағы видеоның таралуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Нәтижесінде 16 қызметкер мен басшы қатаң тәртіптік жазаға тартылды, бір адам қызметінен босатылды.

Сондай-ақ оқыңыз