Lifestyle

BMW-нің қаржылық құлдырауы: таза пайда 37%-ға төмендеді

BMW пайдасына қандай фактор әсер етті? / Фото: Getty Images 
BMW пайдасына қандай фактор әсер етті? / Фото: Getty Images 

2024 жылды BMW таза пайдасының күрт төмендеуімен аяқтады. Бұл Қытай нарығындағы сұраныстың азаюы, жаңа тарифтік шектеулер және макроэкономикалық тұрақсыздықтың салдары болды. Компанияның таза пайдасы 36,9%-ға төмендеп, 7,68 млрд еуроны (8,32 млрд доллар) құрады. Бұл көрсеткіш Reuters агенттігі келтірген сарапшылардың болжамдарымен дөп түсіп отыр.

Қаржылық есеп жарияланғаннан кейін, BMW акциялары 14 наурыз күні Лондон биржасындағы таңғы саудада 2%-ға арзандады. Бұл инвесторлардың компанияның болашақ табыстылығына деген алаңдаушылығын көрсетеді.

Қытайдағы сұраныс және бәсекелестік

BMW пайдасының төмендеуіне негізгі себеп – Қытайдағы сұраныстың бәсеңдеуі. Қытай – компанияның ең ірі нарығының бірі, алайда соңғы жылдары елдегі премиум автокөліктерге сұраныс азайып келеді. Бұл экономикалық өсудің баяулауымен, несие саясатының қатаңдауымен және тұтынушылардың сақтық танытуымен байланысты.

2024 жылы Қытай экономикасы жылжымайтын мүлік нарығындағы қарыз дағдарысының салдарынан қиындықтарға тап болды. Бұл жағдай тұтынушылардың сеніміне кері әсер етіп, олардың сатып алу қабілетін әлсіретті. Сонымен қатар BMW Қытайдың BYD, Nio және XPeng сияқты электрмобиль өндірушілерімен бәсекелестікті күшейте түсті. 

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының (CAAM) мәліметінше, 2024 жылы Қытайда электрмобиль сатылымы 28%-ға өскен. Бұл дәстүрлі автокөлік өндірушілеріне қосымша қысым жасады.

Сауда саясаты және тарифтердің әсері

Қытай нарығындағы сұраныстың әлсіреуінен бөлек, BMW жаһандық сауда шектеулерінің салдарын да сезінуде. Компания өз болжамдарына 2025 жылдың 12 наурызына дейінгі барлық тарифтік шараны қосқан. Олардың ішінде Қытайдан импортталатын автокөліктерге 20%-дық салық, Канада мен Мексикадан әкелінетін көліктерге 25%-дық тариф, сондай-ақ АҚШ-тан импортталатын болат пен алюминийге қойылған шектеулер бар.

BMW-нің қаржы директоры Вальтер Мертль тарифтік шектеулердің автокөлік маркасының маржасын 1 пайыздық тармаққа төмендететінін мәлімдеді. Ол сондай-ақ әлемдік сауда жүйесіндегі белгісіздік бизнеске қосымша қысым көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.

Жеткізу тізбегіндегі қиындықтар 

BMW қаржылық көрсеткіштеріне әсер еткен тағы бір маңызды фактор – жеткізу тізбегіндегі қиындықтар. 2024 жылы BMW кейбір модельдерінің жеткізілімін тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл Continental компаниясы әкелетін тежегіш жүйесінің ақауына байланысты. Осы жағдайдың салдарынан компанияның жеткізілім көлемі 2023 жылғы 2,55 млн автокөліктен 2024 жылы 2,45 млн-ға дейін төмендеді.

Авто өндіруші осы қиындықтарды алдын алу мақсатында өндірісті локализациялауға инвестиция салып жатыр. 2024 жылы компания Венгриядағы жаңа зауытын кеңейту туралы жоспарын жариялады. Бұл зауыт негізінен электрмобиль өндірісіне бағытталған. Сонымен қатар, АҚШ-тағы өндірісін дамытып, сол нарыққа арналған көлік шығаруды арттыруды көздейді. Бұл компанияға импортқа тәуелділікті азайтуға көмектеседі.

Компанияның сауда шектеулеріне қатысты ұстанымы

BMW-нің бас директоры Оливер Ципсе сауда шектеулерінің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. CNBC арнасының Squawk Box Europe бағдарламасына берген сұхбатында қазіргі жаһандық экономика жағдайында тарифтердің тиімді құрал емес екенін айтты.

«Жуырда әлем бұл әдістің бәсекеге қабілеттілікті жақсартудың ең ақылды жолы емес екенін түсінеді», – деді Ципсе. 

Ол алдағы 12-18 айда тарифтік саясаттың қайта қаралатынына сенімді екенін жеткізді.

BMW-нің болашағы: белгісіздік жағдайындағы сақтық стратегиясы

Диллер нарықтық жағдайларға қарамастан, электрмобильдер мен жаңа технологияларға инвестиция салуды жалғастырмақшы. 2024 жылы компания ғылыми зерттеулерге қаржы құюды ұлғайтты. Ол, әсіресе, батарея технологиясы мен автономды жүргізу жүйелерін жетілдіруге басымдық беріп отыр.

2025 жылы BMW-ні жаңа сынақтар күтіп тұр. Қытайдағы бәсекелестіктің күшеюі, сауда шектеулерінің әсері және макроэкономикалық белгісіздік компанияның кірісіне қысым көрсететін негізгі факторлар болмақ. Дегенмен компания бұл шығындардың орнын электрмобильдердің сатылымын арттыру және өндіріс тиімділігін жақсарту арқылы толтыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін кейінгі бес жылда Қазақстандағы бағасы айтарлықтай өскен автокөліктер туралы жазған едік.