Жанар Айжанова, Роза Зергерлі, Бурак Өзчевит пен Садраддин – Наурыз тойында қайда барамыз?

Жарияланды 16 Наурыз 2025 10:04

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Жанар Айжанова, Роза Зергерлі, Бурак Өзчевит пен Садраддин – Наурыз тойында қайда барамыз? / Фото: Shutterstock
Жанар Айжанова, Роза Зергерлі, Бурак Өзчевит пен Садраддин – Наурыз тойында қайда барамыз? / Фото: Shutterstock

Наурыз қашаннан мерекелі, берекелі ай саналады. Бұл айда мейрам да көп, той да көп, ойын-сауық шаралары да жетерлік. Бұл айдың әр күні – мереке. Ал келесі апта жұртшылық әз Наурызды тойлайды. Ал осы ұлан-асыр мерекенің әсерін күшейте түсетін – әрине, ән мен биге толы тамаша кештер. Kursiv.kz алдағы аптада өтетін концерттік бағдарламалар тізімін әзірледі.

Ән мен әнші

Алматы қаласы, 18 наурыз

Жоғарыда атап өткеніміздей, Наурызды апталап, тіпті айлап та тойлауға болады. Алдағы сейсенбі күні Наурызды бірге тойлауға алғашқылардың бірі болып «Ән мен әнші» ұжымы шақырады. 18 наурыз күні Алматыдағы Республика сарайында «Арма, әз Наурыз» мерекелік концерті өтеді. Қазақстандық көрермен концерттердің бұл дәстүрлі форматын бір сахнада көптеген сүйікті отандық әртістерді бірден көруге мүмкіндік беретіні үшін жақсы көреді.

Қазақ эстрадасының ең жарқын жұлдыздарының басын қосатын концертте примадонналардан бастап, жас орындаушыларға дейін бір сахнада өнер көрсетеді. 

18 наурыз күні осынау тамаша кештің куәсі болуға шақырамыз. Концерт әдеттегіше Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Жанар Айжанованың кеші

Алматы қаласы, 21 наурыз

Наурыз қарсаңында халықтың сүйікті әншісі, актриса және тележүргізуші, ерекше дауыс иесі Жанар Айжанова ән кешін өткізеді!

Әдемі үні мен ерекше орындау мәнері оны қазақ өнерінің жарқын жұлдызына айналдырып, сахна төрінен орын сыйлады. 30 жылдан астам уақыт бойы сахнада жүрген әншінің репертуарында «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Достарым», «Қобызым», «Жігіттерге өсиет» секілді жүректерге жеткен көптеген хит ән бар. 

Оның домбырада ойнап тұрып ән айтатыны тағы бар. Көмейіне құс ұя салған халықтың ерке қызы Наурыз тойын бірге тойлауға шақырады. 

Жанардың жанды дауыста шырқаған әнін тыңдап, бір тынығып қайтыңыз. Ол үшін Ticketon.kz сайтына кіріп, билет сатып алуды ұмытпаңыз. 

Концерт Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. Жіберіп алмаңыздар!

Мега жұлдыздар Алматы қаласында

Алматы қаласы, 22 наурыз

Биылғы Наурыз Алматы жастары үшін ғаламат шоу ретінде есте қалмақ. Себебі «Sirius Star Media» «Мега жұлдыздар Алматы қаласында» атты орасан зор концерт әзірлеп отыр!

Кеш қонақтары: Mustafa Sandal, Sadraddin, Roza Zergerli, Алексей Чумаков, Burak Özçivit және «Tynda Music» оркестрі. Әрқайсысы бір төбе, әрбірі әлемге танымал болған жарық жұлдыз, әрбірі мыңдаған тыңдарманы бар таңдаулы орындаушы.

Мысалы, Алексей Чумаковтың «Счастье», «Тут и там», «Девочка, девушка, женщина», «Необыкновенная», «Небо в твоих глазах» және тағы басқа сырлы сезімге толы әнін білмейтін адам кемде-кем. Оның концертіне барып, жанды дауыста ән салғанын естіп, әншімен қосыла шырқау – көп адамның арманы.

Ал Садраддин – музыкасы жүректерді тербеп, сиқырлы эмоциялар сыйлайтын бірегей әнші. Оның әуендері тыңдарманды қиял мен керемет хикаялар әлеміне баурай түседі. Жасында жалт еткен жарық жұлдыз жақында ғана Алматы аренаны толтырып, концерт беріп, деңгейін дәлелдеп берді. 

Мұстафа Сандал – түрік музыкасының танымал өкілі, керемет энергетикасы бар бұл жұлдызды да қазақстандықтар сүйіп тыңдайды, қонаққа келген сайын, кештері аншлагпен өтеді. 

Роза Зергерлі – Шығыстың жарық жұлдызы! Әзірбайжан эстрада әншісі және тележүргізушісі кейінгі жылдары қазақстандық өнерсүйер қауымның жүрегін жаулап, тамаша әндерімен баурап жүр. Оның ерекше үнін бірден ажырататын тыңдарман бұл кештен қапы қалғысы келмесі анық.

Кештің басты қонағы, түрік әлемінің жұлдызы, қыздардың сүйіктісі, танымал актер – Burak Özçivit.  

Осынау ғаламат шоудан құр қалмаңыз. Бұл концертте болған адам үшін биылғы Наурыз ерекше есте қалары анық. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Алексей Чумаков

Шымкент қаласы, 23 наурыз

Алексей Чумаков Қазақстанда неше рет концерт берсе, сонша рет аншлаг боларына күмән жоқ. 22 наурыз күні Алматылық тыңдарманын қуантатын әнші, оңтүстік шаһардағы қолдаушыларын да ұмыт қалдырмапты. 23 наурыз күні әнші Шымкент қаласына барып, концерт береді. 

Оның әйгілі әндерін қосыла шырқауды армандап жүрген шымкенттік қзы-келіншектерге билет алуға асығуға кеңес береміз. Себебі әдетте Алексей Чумаковтың кешіне үлгермей қалып, бармақ тістеп қалып жатқандар көп болады. 

Кеш Шымкенттегі Tulip Hall-да өтеді. Басталуы сағат 19:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Шам жарығындағы дәстүрлі саз – «Sham Auen» кеші

Алматы қаласы, 23 наурыз

Ұлттық аспаптың үні естілмесе, оның несі Наурыз, солай емес пе? 23 наурыз күні Шам Әуен концерт алаңында ерекше атмосфера мен дәстүрлі қазақ музыкасымен сусындағысы келетін көрерменді асыға күтеміз. Концертте қыл қобыз, домбыра, жетіген, дабыл және баян сынды халық музыкалық аспаптарынын үнін естіп, рухани тынығып қаласыз. 

Шам жарығымен көмкерілген залда кәсіби музыканттар мен аспаптардың әуезді үні жаныңызға жылу сыйлайды. Бұл бір естен кетпес кеш болмақ. Билет алып үлгеріңіз, ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.

Кеш Қарасай батыр көшесіндегі Жәния Әубәкірова авторлық мектебінің аумағындағы көпфункционалды арт-алаңында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де.

Сондай-ақ оқыңыз