Жұмысқа тым беріліп кетпей баланс ұстаудың құпиялары

Жарияланды
жұмысқа берілу
Жұмысқа берілмей баланс ұстау жолдары/фото:shutterstock

«Қазір заман қарқыны күшейген секілді» дегендей пікірді жиі естиміз. Айнала дедлайннан-дедлайнға үлгергенше асыққандар мен онлайн-чатқа «көміліп жатқандарға» толы болып көрінеді. Әсіресе, қашықтан істейтіндер көбіне бір басына бірнеше жоба алып алады. Сондықтан жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекара да жойылып кетіп жатады. Ал оның салдарынан адам не қатты қажып кетеді, не үнемі мазасыз күй кешіп жүреді. Болмаса делсал халге үйреніп кетеді. Мұндайға жеткізбеу үшін не істеу керек? Өміріңізге зиян тигізбей, жұмыста да кәсіби қабілетті қатар шыңдау мүмкін бе? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтайық.

1. Жұмыс пен жеке өмірдің шекарасын қалай шегендейміз?

Егер сіз қашықтан, оның ішінде үйден істейтін маман болсаңыз, онда жұмыс кестеңіз шашыраңқы болып кетсе керек. Мұндай жағдай біраз фрилансердің басында кездеседі. Былай қарасаңыз, күні бойы бос болған жоқсыз, жұмыс істедіңіз. Бірақ үйде жүргендіктен қатты шаршамай, онша жұмыс істемегендей сезінуіңіз мүмкін. Ал, шын мәнінде, жұмыс қай жерде істелсе де күш-қуатты сарқиды. Олай болмас үшін мына кеңестерге құлақ асыңыз:

  • Жұмыс уақытын белгілеп қойыңыз. Айталық, жұмысыңыз таңғы 8-де басталып, кешкі 17:00-де аяқталады. Демек бестен кейін компьютеріңізді өшіріп, демалуыңыз керек деген сөз. Басы артық жұмысты «шаршап тұрған жоқпын ғой» деп ала бермеңіз.
  • Жұмыс істейтін орныңыз болсын. Жеке кабинет демей-ақ қояйық. Бірақ кемінде бір арнайы бұрын болғаны жақсы. Сол жерге жайғасып жұмыс істейсіз. Ол бұрышта демалмайсыз. Ол — үйдегі «кабинетіңіз».
  • Жұмыстан тыс уақытта уоркчатқа жауап бермеңіз. Айтқандай, кешкі бес болды ма— чаттардан келетін хабарламаларды өшіріп қойыңыз. Әйтпесе «мына жұмыс бітпей қойды» деген ой бейсаналы түрде мида тұрып қала береді. Соның кесірінен жұмыс істеп жатпасаңыз да тыныға алмайтын халге түсесіз.

Кеңесіміз: Мессенжерлерге офлайн болатын уақытты көрсетіп, автожауап жіберілетіндей қылып баптауға болады. Смартфонда да түрлі режим бар.

2. Жоспары бар адам жеңілмейді

Көбіне біз жұмысқа қатысты жоспарға мықты болғанымызбен, жеке өмірді шетке ысырып қоя береміз. Содан жұмыс өміріміздің көп бөлігін алып кетті деп ренжиміз. Өзімізді бірінші орынға қою үшін мына кеңестерді назарға алуды ұсынамыз:

  • Демалысты да жұмыс сияқты нақты жоспарлаңыз. Серуендейтін, спортпен шұғылданатын, отбасымен өткізетін уақытты күнтізбеге белгілеп қойыңыз. Өйткені көзге көрініп тұрса, ол жоспардың орындалу ықтималы артады. Мысалы, «осы апта балаларды кафеге апару керек еді» дегеннен гөрі «жұма күні кешкі сағат сегізде мейрамханаға барамыз» деген әлдеқайда жүйелі.
  • Хоббиге уақыт бөліңіз. Күніне жарты сағат болса да өзіңізге ұнайтын іспен айналыссаңыз, ол баланс ұстауға әжептәуір көмектеседі. Себебі әр орындаған сайын сізде бақыт гормондары бөлінеді.
  • Биоритм сақтаңыз. Біреу таңда ерте тұрып, түске дейін жұмысын тындырғанды жақсы көреді. Енді біреуге түнде, тыныштықта жұмыс істеген ыңғайлы. Өзіңізге қайсысы қолайлы болса, шаруаларыңызды соған қарай ыңғайлаңыз.

Кеңесіміз: Жоспар құрғанда қуантатын бір іс міндетті түрде болуы керек. Өзіңіз кофе қайнатып ішесіз бе, әлде 10 бет кітап оқисыз ба — сізге жағымды эмоция сыйлайтын кез келген іс тізімнен табылуы шарт.

3. Үзіліс жасап тұрған дұрыс

«Тоқтамай жұмыс істесем, көп нәрсеге үлгеремін» деп ойлайтындар бар. Ғалымдар мұнымен келіспейді. Өйткені осы жайлы жасалған зерттеулердің нәтижесін қарасақ, тоқтаусыз жұмыс істеген кезде ми қатты шаршайды екен. Содан адамның өнімділігі де азаяды. Демек басқа кезде тезірек бітіретін шаруаға көп уақыт жұмсайсыз әрі шаршауыңыз басылмай, үсті-үстіне жинала береді.

  • Pomodoro техникасын жасаңыз: 25 минут жұмыс істеңіз де, 5 минут демалып алыңыз. Әр төрт цикл сайын 15-30 минуттық ұзақ үзіліс жасайсыз. Сонда жұмысқа фокус жеңіл қойылады, ми да шаршамайды.
  • Арасында жаттығу жасап қойыңыз: қозғалмай жұмыс істеген денсаулыққа зиян. Сондықтан арагідік орныңыздан тұрып созылып, жүріп қайтыңыз. Кемінде бөлменің ішінде былай да былай қозғалыңыз. Қан айналымы жақсарып, сергіп қаласыз.
  • Экран алдында отыра бермей, күніне кемінде екі рет көзіңізді демалдырыңыз. Терезеге көз салыңыз, қағаз кітап оқыңыз. Әйтпесе экранға қарау көзге тым ауырлық салады.

Кеңесіміз: Егер жігеріңіз жетпесе, телефонға таймер не ескертпе қойып өзіңізді «қинап» істетіңіз.

4. Мойныңызға артық жұмыс ала бермеңіз

Жұмыста неше түрлі жағдай болады. Кейде жұмыстан тыс уақытта да бітіру керек тапсырмалар шығып қалады. Мұндайда сіз салқынқанды ойлана білуіңіз керек. «Істей салайын» деп бәрін ала беруге болмайды.

  • Өзіңізді шаршатпаңыз. Кейде «шұғыл» деген тапсырманы ертең орындаса да болатын болуы мүмкін. Таразылап барып мойныңызға алыңыз.
  • Өзіңізге қатысы жоқ тапсырма болса, орындамауға құқығыңыз бар. Әсіресе, уақыт алатын, бірақ сізге келіп-кетері жоқ іс болса, оған кірісудің қажеті шамалы. Бас тартып үйреніңіз.

Кеңесіміз: Күніне нақты қанша сағат жұмыс істейсіз — түртіп алыңыз. Егер сегіз сағат емес, одан көп істейтініңізді байқасаңыз, онда процестерді реттеу керек деген сөз.

5. Ментал жай-күйіңізге бей-жай қарамаңыз

Баланс сақтай алмаған кезде адамға ағзасы түрлі сигнал жібереді. Біреудің ұйқысы бұзылады, енді бірінің басы көтертпей ауырады. Таңертең тұрғаннан шаршап оянатындар болады. Мұның бәрі сізге беріліп жатқан белгі екенін есте ұстаңыз. Әйтпесе, соңы үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

  • Ұйқыңыз қанық болсын. Бәрі кейінгі кезде жан-жақтың ұйқының маңызы туралы айтып кетті. Ол сөздердің жаны бар. Себебі ұйқысы дұрыс емес болса, адамның жай-күйі де нашар болады.
  • Физикалық жаттығу жасап жүріңіз. Толыққанды залда шынықпасаңыз да, серуендеп, йогамен айналысып, денені созып жаттығу істеп тұрған абзал.
  • Жақсы эмоция сыйлайтындармен жиі сөйлесіңіз. Мұның да оң әсері мол. Жұмыс ешқашан бітпейді. Жақындарыңызбен арқа-жарқа болып жүргенге не жетсін?!

Кеңесіміз: Денені «скандау» деген техниканы жасап көрсеңіз болады. Яғни ыңғайланып жатып аласыз да, көзіңізді жұмасыз. Сөйтіп тәніңізде не болып жатқанын сезініп көріңіз. Бұлшықеттер жиырыла ма, ауырлық сезініп тұрсыз ба — байқаңыз. Денеңізге демалыс керегін жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Еске сала кетейік, бұған дейін жұмыстан қажып кеткен кезде не істеуге болатыны туралы пайдалы материал жариялаған едік. Әсіресе, IT-мамандарға маст-рид.

Сондай-ақ оқыңыз