
Астана сотында әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажмұқанұлы сотта өзіне тағылған айыпты мойындады. Сондай-ақ ол прокурормен процестік келісім жасау туралы өтінішхат берді деп хабарлайды KursivMedia.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, басты сот талқылауы 2025 жылдың 13 наурызында өткен. Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов қарап жатыр. Сот отырысы барысында Аңсар Қажмұқанұлы істі мемлекеттік тілде қарау туралы өтінішхат жолдады. Судья сотталушы мен оның адвокаты Сексенбаеваның өтінішхатын қанағаттандырып, іс қазақ тілінде қаралатын болды.
Аңсар Қажмұқанұлы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа тартылған. Бұл бапта аса ірі мөлшердегі алаяқтық әрекеті көрсетілген.
Істі қарау барысында сотталушының адвокаты Советов прокурормен процессуалдық келісім жасауға уақыт беру туралы өтінішхат жолдады. Судья тараптардың пікірін тыңдап, өтінішхатты қабылдады.
Содан кейін прокурор Оразалина айыптау актісін оқыған. Әрі қарай судья сотталушының өз кінәсін мойындауы және шын жүректен өкінуі оның жауапкершілігін және жазасын жеңілдететін мән-жай саналатынын түсіндірген.
«Сотталушы Аңсар Қажмұқанұлы айыбын толықтай мойындады», – делінген сот отырысы хаттамасында.
Осылайша қорғаушы-адвокат Советовтің және сотталушы Аңсар Қажмұқанұлының өтінішхаты қанағаттандырылып, прокурормен процестік келісім жасау үшін уақыт берілді. Келесі сот отырысының күні мен уақыты әлі белгісіз.
Айта кетейік, Аңсар Қажмұқанұлы – 1985 жылы Жамбыл облысында туған, ажырасқан, кәмелетке толмаған 3 баласы бар. Сот барысында оның жұмыссыз екені, бұрын сотты болмағаны айтылды. Қажмұқанұлы қазір №64 мекемеде қамауда отыр.
Аңсар Қажымұқанұлының атын әнші Сиви Махмудидің есімімен байланыстырады. Екеуі он жылдай некеде болған. Әнші бұған дейін 2020 жылы ажырасқанын, содан кейін Аңсар Қажымұқанұлымен араласпайтынын айтқан. Тіпті өз есімін экс-күйеуіне қатысты іспен байланыстыра бермеуді сұрады.