Марқұм Бақыт Ибрагимнен тәркіленген пәтер: Жоғарғы сот Бас прокурордың үкімге наразылығын қарады

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Бас прокурордың наразылығы бойынша Qazaq Вanki бұрынғы акционері, марқұм Бақыт Ибрагимге шыққан үкімді қарады, деп хабарлайды KursivMedia.
Айта кетейік, 2020 жылы Ибрагим Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевпен бірге айыпты деп танылды. Соның негізінде 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда аппеляциялық сот оның жазасын 7 жылға төмендеткен. 2024 жылы ақпан айының басында Бақыт Ибрагимнің бостандыққа шыққаны хабарланған. Алайда наурызда оның қайтыс болғаны белгілі болды.
Қылмыстық іс аясында Бақыт Ибрагимнен Астана және Алматы қаласындағы бірнеше жылжымайтын мүлік тәркіленді. Оның ішінде Астана қаласы Байтұрсынов көшесіндегі Highvill Astana тұрғын үй кешеніндегі аумағы 305,5 шаршы метр пәтер де бар. Бұл пәтерде банкирдің бұрынғы отбасы тұрған.
Іс материалдарына сәйкес, наразылықта прокурор Астана қаласындағы Highvill Astana тұрғын үй кешеніндегі пәтерді тәркілеуге қатысты сот актісінің күшін жоюды және істің дәл осы бөлігін апелляциялық сатыдағы сотқа жіберуді сұраған. Наразылығына негіздеме ретінде соттың бұл пәтерді заңсыз тәркіленгенін, жылжымайтын мүлікті қандай жағдайда сатып алғаны тиісті түрде зерттелмегенін көрсеткен. Бұл пәтерді Ибрагим қылмыс жасағанға дейін сатып алған, сот оны тәркілеу туралы шешім шығарған кезде ол С. Жеңіс меншігінде болған деп көрсетілген.
Тараптардың пікірін тыңдап, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Бақыт Ибаргимге шыққан сот актілерін өзгертуге негіз жоқ деп тапты.