Алматыда мопедтер шеруі халықтың наразылығын тудырды

16 наурыз күні Алматы көшелерінде мопед жүргізушілерінің жаппай қозғалысы тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан мопедтердің жаяу жүргіншілер жолағымен жүріп, бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өткені, тіпті жол полициясының талаптарына бағынбағаны байқалады.
Полиция департаментінің түсініктемесі
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жол ережесін бұзған мопед жүргізушілерін ұстаған. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы («Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін бұзуы») және 620-бабы («Көлік құралын тоқтату туралы талапты орындамау») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар заң бұзған мопедтер арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді.
Алматы қалалық полиция департаменті мопед иелеріне 2025 жылдың 5 сәуіріне дейін көлік құралдарын міндетті түрде тіркеуден өткізу қажеттігін ескертеді.
Бұған дейін, мопедті қалай тіркеу керектігін және тіркемеген жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы жазған едік.