Жаңалықтар

Жеңіс күніне арналған әскери парадқа байланысты Астанада әуе рейстерінің кестесі ауысады

Астана әуежайында рейстер кестесі ауысады / фото: shutterstock

Астана халықаралық әуежайы 2025 жылғы 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында елорда әуе кеңістігінде уақытша шектеулер енгізілетінін хабарлады. Бұл өзгерістер Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа дайындықпен байланысты.

Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы уақыт аралығында әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жүргізілетіндіктен, жолаушылар рейстерінің ұшу және қону уақытында өзгерістер болуы мүмкін.

Әуежай жолаушыларға алдын ала рейс кестесін тексеріп, қажетті ақпаратты әуе компанияларының ресми арналарынан немесе әуежайдың ресми сайтынан алуға кеңес береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығына орай мерейтойлық медаль бекітілетіні белгілі болды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңгеден төлеу жоспарланған.