
Қазақстан соңғы алты жылда түрлі қиын кезеңдерден өтті. Пандемия, геосаяси шиеленіс, Қаңтар оқиғасы, су тасқыны. Осы қиындықтарды еңсеру жолында қандай шаралар атқарылды? Бұл сұраққа премьер-министр Олжас Бектенов өз есебінде жауап берген.
Бектенов өз есебінде Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық еткен соңғы 6 жылда Қазақстан түрлі сынақтарға тап болғанына қарамастан, экономикасында біршама жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өткен.
«2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 млрд долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады», – дейді премьер-министр.
Мұнайдан тыс салалар дами бастады
Үкімет есебінде президенттің мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыру шаралары сәтті жүзеге асырылып жатқаны айтылған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде шикізаттық емес салаларда экономикалық өсім артқан. Нақты сандармен айтқанда, 2019-2024 жылдары өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өскен. Солайша өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі өндіруші сектормен теңескен.
Өңдеу өнеркәсібінің артуына салаға тартылған инвестиция оң әсер еткен. Мәселен, 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылған.
«Нәтижесінде аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады», – делінген есепте.
Автомобиль өндірісі жолға қойылды
Статистикалық көрсетікштерге тоқталсақ, 2018 жылы елде 30 мың жеңіл автомобиль шығарылған. Ал қазіргі таңда бұл көлем 134 мың бірлікке жеткен. Жүк автомобильдерінің өндірісі алты есе артып, 7,1 мың бірлікке, автобустар өндірісі жеті есе артып, 2,9 мың бірлікке жеткен. Арнайы техника шығару шамамен үш есе өсіп, 711 бірлікті құраған.
Сонымен қатар шикізатты экспорттап қана қоймай, оны өңдеу саласында айтарлықтай оң өзгерістер тіркелген. Соңғы 6 жылда мұнай-газ химиясы қарқынды дамып, елде полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріле бастаған. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнім саналады. Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісі жолға қойылған Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорын саналады.
Инвестиция көлемі артты
Тоқаев басшылық еткен соңғы 6 жылда экономикаға 130 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған. 2024 жылы Қазақстан Moody’s агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болса, Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растаған.
«Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды», – дейді премьер-министр.
Жылу энергетикасы секторы жаңғыртылуда
Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бөлінбей келді: республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңірлерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энергетика және коммуналдық салалардағы дағдарыстың ауыр кезеңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс жалғасатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.
Халық денсаулығы мен әл-ауқаты жақсарған
Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе артқан. Атап айтқанда бұл аралықта 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайған. Жалақының өсуі нәтижесінде шамамен 2 млн адамның әл-ауқатын жақсарған.
Сонымен бірге 600 мыңға жуық педагогтің жалақысы екі есе артып, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға көтерілген. Орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтеріліп, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есеге ұлғайған.
Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілген.
Бұған қоса, 2019 жылдан бері халықты әл-ауқатымен бірге денсаулығы да жақсара түскен. Өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайып, жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеген.
«Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тегеурінді басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуетін толық іске асыратынына сенімдімін», – дейді Бектенов.