Форвардтық қаржыландыру: шаруалардан өтініш қабылдау басталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
форвардтық қаржыландыру
Форвардтық қаржыландыруға өтініш беру басталды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шаруалар форвардтық қаржыландыруға өтініш бере алады. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ егін шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасына өтініш қабылдау бастағанын хабарлады.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ егін шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін аграршыларды қаржыландыруға өтінімдер қабылдауды бастайды. Бұл мақсаттарға шамамен 30 млрд теңге бөлу жоспарланған», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.  

Лимит көтерілді

АШМ хабарлауынша 2025 жылы форвардтық қаржыландыру шеңберінде майлы дақылдар өндірісіне кредит беру лимиті ұлғайтылады. Сонымен бірге шаруаларға жеңіл болу үшін өтініш құжаттарын электрондық форматта қабылданады. Корпорация төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, өтінішті электронды форматта қабылдау тетігі пилоттық режимде іске қосылған.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» пилоттық режимде өңірлерде фермерлерге цифрлық өтінімдерді рәсімдеуге көмектеседі. Келешекте аграршыларға Қазақстанның кез келген жерінен өтінім беруге, сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беретін толыққанды цифрлық экожүйе іске қосылады», – дейді корпорация өкілі.

Форвардтық қаржыландыру шарттары

Форвардтық бағдарламаға қатысу үшін фермерлер мен агрокәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімдерін өсіруде жұмыс тәжірибесі кемінде 2 жыл болуы керек. Сонымен бірге өтінім беру кезінде шаруаларда корпорацияның барлық бағдарламалары бойынша мерзімі өткен немесе мерзімі ұзартылған міндеттемелері болмағаны абзал.

Форвардтық келісімшарт талаптарына сәйкес, форвардтық қаражат ауыл шаруашылығы кәсіпорнына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-нан немесе екінші деңгейдегі банктерден беріледі. Бұл қаражатты алу үшін шарулар кепілдік немесе жылжымалы мүлік кепілін ұсынуы талап етіледі.

ҚҚС есебімен 2025 жылға арналған АӨК субъектілеріне алдын ала төлем мөлшері мынадай:
  • жұмсақ және қатты бидай – 50 000 теңге/тонна
  • арпа – 40 000 теңге/тонна
  • күнбағыс – 80 000 теңге/тонна
  • майлы зығыр және рапс тұқымдары – 90 000 теңге/тонна.

Күзге қарай азық-түлікті Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорына жеткізген шаруалар мен шаруа қожалықтары нарықта қалыптасқан бағаларға бойынша астық үшін қосымша төлемге үміттене алады.

«Дәстүрлі түрде егін шаруашылығы өнімдерінің сатып алу бағасын ұлттық астық операторы күзде белгілейді. Бұл ретте форвард шарттар бойынша сатып алынатын дәнді және майлы дақылдардың құны фермерлердің қарыз ақшаны өтеусіз пайдалануын ескере отырып қалыптастырылады», – делінген хабарламада.

Форвардтық сатып алу шарттарына сәйкес, шаруалар өз міндеттемелерін төменде көрсетілген мерзімге дейін орындауы тиіс:

  • бидай, арпа, қарақұмық, майлы зығыр тұқымы мен рапсты корпорация қорларына 2025 жылдың 1 қарашасына дейін;
  • күнбағыс, майлы зығыр және рапс тұқымдарын 2025 жылдың 15 қарашасына дейін жеткізуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз