Підия ретінде мешіт ұстаздарына үй алып берген дұрыс па? ҚМДБ әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді

Әлеуметтік желіде әке-шешесінің оқымаған намазы мен ұстамаған оразасына артында қалған бала-шағасына підия төлеу қажет екені, оның өтемі ретінде ұстазға үй алып беруге болатыны туралы видео тарады. KursivMedia редакциясы әке-шешесі үшін балаларына салынатын мұндай «діни салықтың» қаншалықты орынды екенін білу үшін ҚМДБ-ға сауал жолдаған болатын.
Видео туралы
Әлеуметтік видеода ер адам уағыз айтып отырып, підия құны 18 млн теңге шығып кететінін айтып, бұл ақшаға бір ұстазға үй алып беруі керек екенін мәлімдеген.
«Бұл шариғатта бар нәрсе. Біреулер «підияны мынаған бер» десең, жаны шығып кетіп жатыр. Олар підияның орнын, пітір садақасымен жапсақ дейді… «Әкем 50 жыл намаз оқымаған еді еді, міне підиясы» деп, бір ұстазға үй алып берсін», – дейді видеодағы кейіпкер.
ҚМДБ жауабы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, ертеректе халық арасында кайтыс болған адамды арулап, ақиретке аттандыру барысында орындайтын «дәуір айналдыру» деген рәсім болған. Бұл салт-рәсім еліміздің аймақтарында «дәуір айналдыру», «дәуір жүргізу», «дәуір көтеру», «ысқат шығару», «підия», «садақасын беру» т.б. әртүрлі атаулармен аталып кеткен.
«Дәуір айналдыру салты, негізінен, қайтыс болған адамның оқылмаған намазы мен тұтпаған оразасы үшін жасалады. Ханафи мәзһабы бойынша ауру адам ишарамен де намаз оқи алмаса, сондай-ақ, Рамазан айында аузын ашқан жолаушы сапарда және науқас ауруынан жазылмастан дүниеден өтетін болса, бұл уақытта оқи алмаған намазы және оразасы мойнынан түсіріледі», – делінген ҚМДБ жауабында.
Сондай-ақ басқарма жауабында мұндай салттың Құранда нақты үкімі жоқ екені айтылған. Десе де, підия төлеуге ешқандай шектеу қойылмаған. Түсінгенімізше, бұл салт Құран бойынша талап етілмегенімен, әркім шамасына қарай өтей берсе болады.
Бірақ бұл қаражаттың марқұм адамды намазға қатысты парызынан босатпайтыны да айтылған.
«Бұлай підия беру марқұмның оқылмаған намаз құлшылығын мойнынан түсіре алмайды. Бұл тек Алладан үміт етіліп қана орындалатын амал», – деп түсіндірген ҚМДБ.
Еске сала кетсек, осыған дейін мешітте шәкірттеріне аяғын уқалатып отырған ұстаздың видеосы тарап кетті. Бұл видео қоғамда түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыдан кейін ҚМДБ мәлімдеме жасап, Әбдіжаппар ұстазға ескерту берілгенін хабарлаған болатын.