Мемлекетке 640 млн теңге залал келтірген компания басшысы 3 жылға сотталды

Шымкентте мемлекетке 640 млн теңге залал келтірген компания басшысы 3 жылға сотталды. Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, прокуратура салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-шаралар барысында тексеріс жүргізген.
Тексеріс барысында «A» ЖШС құрылыс компаниясының жұмысынан біршама олқылықтарды анықтаған. Компания өзіне жүктелген міндеттемені орындамаған. Компания қағаз жүзінде тауарларды тиеп, жөнелткені туралы жалған шот-фактура жазып, іс жүзінде ешқандай қызмет жүргізбеген болып шықты.
Бұған қоса, жұмысшыларына зейнетақы, әлеуметтік және жеке табыс салығын төлемегені әшкереленді.
«Нәтижесінде мемлекетке 640 миллион теңгеге залал келтірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұдан кейін қала прокуратурасы осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігі – аса ірі мөлшерде іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау фактісі бойынша іс қозғап, тергеу бастаған.
Ал 2025 жылдың ақпан айында сот үкімі шығып, «A» ЖШС-ның директоры 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.