Жаңалықтар

Табиғатты тамашалау ауырсынуды басады – батыс ғалымдары

Табиғатты тамашалау дәрі-дәрмексіз емдеу әдісі ретінде қолданылуы мүмкін/ Shutterstock
Табиғатты тамашалау дәрі-дәрмексіз емдеу әдісі ретінде қолданылуы мүмкін/ Shutterstock

Табиғат туралы деректі фильмдер көру, жабайы табиғатты тамашалау адамның ауырсыну сезімін едеуір жеңілдетеді.

The Independent ақпаратына қарағанда, Эксетер университеті мен Вена университетінің ғалымдары осындай ұйғарымға келіп отыр. Олар табиғатпен байланыстырған кезде мидың ауырсынуды өңдеу тәсілі өзгеретінін анықтаған.

Ауруды басатын дәріні жартылай алмастыра алады

Ғалымдар мынадай қызық тәжірибе жасаған. 49 адамның миын бақылап, сканерлеген. Оларға әртүрлі бейнелер көрсетіп, ара-тұра жеңіл түрде тоқ ұрғызған. Табиғат көріністерін көрсеткен кезде олардың ауырсыну деңгейі азайған. Ал қала немесе кеңсе көріністері кезінде зерттеуге қатысушылар ауырсынуды қаттырақ байқаған.

Ауырсынуды басатын дәрінің күшіне тең болмаса да, табиғатты тамашалау мұндай дәрі-дәрмекті жартылай алмастыра алатыны анықталып отыр.

Вена университетінің докторанты Макс Штайнингердің пікірінше, табиғатты жиі тамашалайтын адамдардың ауырсынуды аз сезінетінін көп зерттеу көрсетіп берген.  

«Алайда осы уақытқа дейін бұл әсердің нақты себептері түсініксіз болған еді. Біздің зерттеу кезінде алғаш рет мидың сканерлеу деректерін қолдандық. Осы арқылы табиғаттың ауырсынуды азайту әсері жай ғана «плацебо» емес екені дәлелденді», – дейді Макс Штайнингер.  

Бұл – сенім емес, мидың қызметі

Ғалымның сөзіне қарағанда, бұл құбылыс адамдардың табиғаттың пайдалы екеніне сенуінен туындамайды екен. Мидың өзі ауырсынудың қайдан пайда болып жатқанын және оның қаншалықты күшті екенін аз қабылдай бастайды.

«Біз жүргізген зерттеу нәтижелері табиғаттың ауырсынуды шынымен жеңілдететінін көрсетті. Бірақ бұл әсер ауырсынуды басатын дәрілердің шамамен жартысына тең. Сондықтан ауырсынудан зардап шегетін адамдарға дәрі-дәрмектерін қабылдаған жөн. Бірақ болашақта табиғатпен байланыс сияқты балама ауырсынуды басатын әдістерді қолдану артады деп үміттенеміз», – деді ғалым.

Зерттеу «Табиғатпен байланыс ауырсынуды өңдеуге жауап беретін нейрондық процестерге әсер ету арқылы анальгезиялық әсер береді» деген тақырыппен Nature Communications ғылыми журналында жарияланды.

Ауырсынуды басудың балама жолы

Ғалымдардың пікірінше, бұл зерттеу ауырсынуды басудың балама стратегияларын дамытуға мүмкіндік бермек. Зерттеуге қатысқан адамдар табиғаттың суреттерін көргенде ғана емес, шынайы табиғат аясында да ауырсынудың елеулі түрде азайғанын айтып отыр.

Эксетер университетінің докторы Алекс Смоллидің пікірінше, бұл зерттеу табиғатпен виртуалды байланыс адамның денсаулығына оң әсер ететінін көрсетіп отыр. Табиғаттың бейнесінің өзі сыртқа шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ем болмақ.

«Бірақ біздің нәтижелеріміз табиғи ортаны қорғаудың маңыздылығын тағы бір рет дәлелдейді. Табиғатты сақтау арқылы біз адамдардың да, Жердің де денсаулығын жақсарта аламыз», – дейді Алекс Смоли.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жаңалықтың дәрі-дәрмексіз емдеу әдісі ретінде қолданылуы мүмкін. Табиғаттың адам миына әсерін әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейін Қазақстанда 2 млрд ағаш егу жөнінде тапсырма берген еді.