Алматы мәслихатының экс-депутаты мемлекеттен ұрлаған қаржыны казиноға жұмсаған

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутаты мемлекеттен жымқырған қаражатқа көлік сатып алып, казиноға жұмсаған. Қазір осы іске қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жүргізіп жатыр.
Күдікті мемлекеттен субсидия алу үшін Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына таңқурай сатып алатыны туралы жалған құжат ұсынған.
«Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге қолма-қол қаражат алынды», – деп хабарлайды агенттіктен.
Ал ұрлаған қаражатты заңды түрде пайдалану үшін жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізген. Ол әрекетінен қосымша 89 млн теңге табыс тапқан. Оған Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алған. Сондай-ақ мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға жұмсаған.
Қазір күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынды, 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды.
Құқық қорғау органдарының назарына іліккен депутаттар ғана емес, аудан әкімдері, басқарма басшылары және билік партиясының өкілдері де бар. Былтыр сотқа дейінгі тергеу базасында 2 098 сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген. Елді дүрліктірген шенеуніктер жайлы мына жерден оқи аласыздар.