Музыкалық мектептер мен балабақшалар салуға 194 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Әлеуметтік нысандар салуға 194 млрд теңге бөлінеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров 

Қазақстанда әлеуметтік нысандар салу және инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту бойынша жобаларға 194 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл қаржы Арнайы мемлекеттік қордан бөлінеді.

«Мемлекет басшысының заңсыз шетелге шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау туралы тапсырмасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді құралына айналды. Арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңғыртуға 194 млрд теңгеден астам қаражат аударылды», – деп жазылған үкімет сайтында.

Арнайы мемлекеттік қор 2023 жылы құрылған. Шетелден қайтарылған қаражат осы қордағы бақылау шотына жиналады. Оған «Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» заңға сәйкес қайтарылған мүлікті сатудан түскен қаражат аударылады. Сондай-ақ, қор активтерді басқару жөніндегі компанияның меншігіне түскен немесе оның қызметі нәтижесінде алынған мүлікті сатудан түскен қаражат есебінен де қалыптасады.

Қор қаражатты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру мақсатында жұмсайды.

Бұған дейін Арнайы мемлекеттік қордан 13 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына шамамен 59,4 млрд теңге бөлінген. Олардың қатарында: Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай, Ұлытау облысының Манадыр және Қаражал ауылдарында мектептер, Түркістан облысы Темірлан ауылында музыкалық мектеп, Ақмола облысының Зеренді және Алматы облысының Жалағаш ауылдарында спорт кешендері, Риддерде көпфункционалды аурухана кешені, Шымкентте жатақхана, Ақтөбе мен Петропавлда екі балабақша бар.

Сондай-ақ оқыңыз