Авто

KIA, Changan, Chery, Haval: Қазақстан биыл 150 мыңға жуық автомобиль шығарады

Қазақстанда биыл екі автомобиль зауыты іске қосылады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстан 150 мыңға жуық автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, биыл республиканың автокөлік өндірісі 5%-ға артып, 149 мың жеңіл көлік шығарылады.

Екі автомобиль зауыты іске қосылады

2025-2035 жылдары министрлік металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Олар жобалық қуатына жеткенде өндірілетін өнім көлемі шамамен 7,3 млрд доллар болады деп болжанды.

Тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады:

  • Қостанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады. Зауытта жылына 70 мың автокөлік өндіреді.
  • Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.

«Автомобиль шығаратын зауыттар, ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттар, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешен, гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды жобалар іске қосылады.

Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», — дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Машина жасау шамамен 10%-ға ұлғайды

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда кейінгі бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ. Республикада жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 20 мыңнан аса жаңа жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деп болжанған.

Қазақстанда кейінгі бес жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 5,9% өсім тіркелді. Өсім көрсеткіші негізінен металлургия (+6,9%), автомобиль (+9,7%), химия өнеркәсібі (+7,7%) және басқа салалардағы өндіріс көлемінің артуына байланысты болып отыр. Жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгеге жетті.

Бұған дейін Kursiv.Media Алматыда жаңа Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты биыл жазға дейін іске қосылатынын жазған. Онда Changan, Chery және GWM (Haval мен Tank) секілді қытай автокөліктері құрастырылады.

Қазақстан отандық автомобиль нарығын қолдау мақсатында автонесие рәсімдеу шарттарын 2026 жылдың аяғына дейін жеңілдетті.