Жер, электр станциялары: Трамп пен Путин активтерді бөлісу мәселесін талқылайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп пен Владимир Путин сейсенбі күні сөйлеседі / фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 наурызда Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп, Украинаға қатысты келіссөздерде «активтерді бөлісу» мәселесін талқылайды.

Трамп соғысты аяқтауға тырысады

Құрама Штаттар президенті дүйсенбіге қараған түні Флоридадан Вашингтонға ұшып келе жатқан уақытта Air Force One бортындағы журналистерге осылай деп мәлімдеді. Трамптың айтқандарын Reuters агенттігі таратты.

«Сейсенбі күні мен президент Путинмен сөйлесем. Демалыс күндері көптеген шаруа атқарылды», – деп мәлімдеді Трамп.

Құрама Штаттар басшысы Путинмен атысты 30 күнге доғару мәселесі бойынша уәдесін алуды көздейді. Өткен аптада Украина уақытша бітімге келуге келіскен.

«Осы соғысты аяқтауға шамамыз жетеме ме – соны бағамдаймыз. Мүмкіндік жоғары сияқты», – деп болжайды Трамп.

Активтерді бөлісуге келіп жеттік

Журналистер атысты доғару жөніндегі келіссөздер барысында нақты қандай мәселелер көтерілуі мүмкін екенін сұраған. Трамп бұл сауалға былай деп жауап берген:

«Біз жер туралы сөйлесеміз. Біз электр станцияларын да талқылаймыз. Менің пікірімше, екі тарап та – Украина да, Ресей де көп нәрсені талқылап үлгерді. Енді біз белгілі-бір активтерді бөліске салу мәселесін талқылайтын дәрежеге жеттік», – дейді Дональд Трамп.

АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын түбегейлі өзгертіп жатқан Дональд Трамп украин мәселесінде Киевтен гөрі, Мәскеумен жұмыс істеу оңай екенін мәлімдеген. Ол ақпан айында Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскиймен сәтсіз келіссөз жүргізген. Артынша Зеленский Трамппен келісе алмағанына өкініп, соғысты аяқтаудың жаңа жоспарын ұсынған.

Биыл 24 ақпанда Ресейдің Украина аумағына басып кіргеніне 3 жыл толды.

Сондай-ақ оқыңыз