Bitcoin ETF аз уақытта 5,5 млрд доллардан айырылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Америкалық Bitcoin ETF биткоины тез құнын жоғалтып жатыр / фото: shutterstock

Америка биржасы инвестициялық қорының биткоины – Bitcoin ETF бір айдан аса уақыттан бері 5,5 млрд доллардан айырылды. Ол Дональд Трамп билікке келгелі бері құнын жоғалта бастаған.

Bitcoin ETF неге құнсызданып жатыр?

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, кейінгі бес аптада инвесторлар 12 ETF-тен 5,5 млрд доллардан аса қаражат шығарып алған. Себебі олар АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа салық саясаты басталмай жатып құнын жоғалтуы мүмкін активтерден құтылуға ұмтылған. Инвесторлардың осындай әрекеті Трамп Ақ үйге қайта оралған уақытта басталған.

Осының өзі криптоинвесторлардың да АҚШ, Еуропа және Қытай арасындағы сауда соғысына көз тікіп отырғанын аңғартады.

«Биткоин және криптовалюта жалпы алғанда макроэкономикалық көріністің ықпалына ілігіп отыр. Биткоин құнын жоғалтуы мүмкін активтер қатарынан шыға алады деп ойламаймын», – дейді Amberdata өкілі Грег Магадини Bloomberg агенттігіне.

Биткоин 2024 жылғы қарашада Дональд Трамп президент сайлауында жеңіске жеткен уақытта қатты шарықтады. Алайда 2025 жылы қысымға ұшырап, жыл басында 12% құнын жоғалтты.

17 наурызда 1 BTC құны $83,321.58 USD болды.

ETF деген не?

Bitcoin ETF – азаматтарға криптовалютаға ие болмаса да, биткоинға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Себебі ETF дәстүрлі қаржы жүйесі аясында қызмет етеді. Сол себепті оның көптеген инвесторға есігі айқара ашық.

Дональд Трамптың стратегиялық криптовалюта резервін құру жөніндегі мәлімдемесінен кейін криптовалюта саласы жанданып шыға келген. Алайда соның өзі Bitcoin ETF құнына айтарлықтай әсер ете қоймаған.

14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке отандық криптонарықты дамытуды тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз