Теңіз сағымға айнала ма: турфирмалар салық қысымына ұшырағанын мәлімдеді

Жарияланды 17 Наурыз 2025 17:48

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстанда туристік жолдама 20-25 пайызға қымбаттауы мүмкін / фото: REUTERS/Paola Chiomante

2024 жылдың аяғынан бері Қазақстандағы турфирмалар Мемлекеттік кіріс комитетінен 2022–2023 жылдар үшін 20%-дық корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеу жөнінде ескерту алған.

Салықшылар қатты қателеседі

Туроператорлар өкілдерінің айтуынша, фирмалардың кейбірінен бірнеше миллиард теңгеге дейін салық төлеуді талап еткен.

Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенова осындай талап қойған салықшылар қатты қателеседі деп мәлімдеді.

«Салықшылар туроператорлардың бүкіл ақша айналымынан, яғни шетелдегі әріптестеріне аударылған сомадан 20% КПС төлеуді талап етіп отыр. Өйткені олар соның бәрін резидент еместердің Қазақстаннан тапқан табысына жатқызған.

Жалған түсінік. Себебі туроператорлар айналымнан бар болғаны 1-5% ғана табыс көреді. Қалған 95-99%-ы – қонақ үйлер қызметі, жолақысы, экскурсия және басқа да қызметтерге төленеді. Салық кодексі бойынша, мұндай табыстан салық алынбауы тиіс», – деп түсіндірді Шәйкенова.

Қазақстан туризм қауымдастығының өкілдері Алматыда баспасөз конференциясын өткізді / фото: Қазақстан баспасөз клубы

Турфирмалар шетелге жолдаманы 20-25% көтереді

Мемлекеттік кірістер комитеті турфирмаларға қойған талаптарынан танбаса, онда жүздеген мың қазақстандық жазғы демалысты шетелде, теңізде демалу мүмкіндігінен айрылады.

«Дубайдағы, Таиландтағы, әлемнің кез келген жеріндегі қонақ үйлер Қазақстан үшін 20%-дық КТС төлемейді. Олар бірден: «Бізге оның қажеті жоқ», – деп кесіп айтады. Сонда ол 20 пайыздық салықты кімнен өндіріп аламыз? Жеке тұлғадан ба? Ал жеке тұлғаға бізде салықтың мұндай түрі салынбайды.

Түптеп келгенде, елде туристік өнім кем дегенде 20-25%-ға қымбаттайды. мәселен, Таиландқа жолдама қазір шамамен 400 мың теңге тұрса, енді 500 мың теңге төлейсіз. Дубайға сапар 1 млн теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін шарықтайды», – деп ескертті Шәйкенова.

Елдегі туристік компаниялар салқышылардың мұндай талабына шағымдануды көздеп отыр. Алайда дау шешілгенше кіріс комитеті фирмалардың шотын бұғаттай алады. Қазірдің өзінде туроператорлардың бірқатары шотын пайдалана алмай отырғанын мәлімдеді. Ал жаңа туристік маусымның ашылуына санаулы ғана күндер қалды.

Сондай-ақ оқыңыз