Halyk Bank-тің Алматыдағы филиалына қарақшылық шабуыл жасалғаны рас па

Алматыда Halyk банкі филиалдарының бірінде қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама полицейлерді аяғынан тік тұрғызды. Әлеуметтік желіде Достық даңғылында бірнеше полиция көліктері тұрған кадрлар тарала бастады.
«Курсив» редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласы полиция департаменті мен Halyk Bank өкілдеріне хабарласты.
«Алматы қаласының полиция департаментінің жедел басқару орталығының «102» каналына белгісіз адам қылмыс туралы хабарлаған. Оқиға орнына бірнеше патрульдік полиция көліктері жіберілді. Бірақ банкке барған кезде шабуыл болмағаны анықталды», — деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері қоңыраудың жалған екенін анықтаған. Қазіргі уақытта құқық қорғаушылар телефон арқылы әзілдемек болған тұлғаны іздеп жатыр. Сондай-ақ оған қатысты жауапкершілік шаралары көзделетінін хабарлады. Алайда банк оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме бермеді.
Осыған дейін Қостанайда «мектепті терорристер басып алды» деп әзілдеген оқушы күштік құрылымды аяғынан тік тұрғызған еді.