Қазақстанда 10 баласы бар отбасыға қанша жәрдемақы төленеді

Қазақстанда көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының ең төменгі мөлшері – 63 030 теңге. 8 және одан да көп бала болса, оларға 4 АЕК-тен яғни әр балаға 15 728 теңгеден бөлініп отыр. Бұл биылғы жылдың көрсеткіші. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі көпбалалы және награда алған аналарға мемлекеттен қанша сомада жәрдемақы берілетінін жария етті.
Министрлік ұсынған мәліметке сенсек, бүгінге дейін көпбалалы және наградталған 848,6 мың отбасыға жалпы сомасы 99,9 млрд теңгеге мемлекеттен жәрдемақы төленген.
«Оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 606,9 мың отбасы 86,9 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 241,8 мың адам 13 млрд теңгеге қамтылды»,– делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл мемлекеттік жәрдемақыны 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар алады.
Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы қаншаға өсті?
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:
4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
– 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
– 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
– 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
– 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
15 728 теңгені құрайды.
Алтын мен күміс алқа иелерінің жәрдемақысы…
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
- «Күміс алқамен» наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
Айта кетейік,наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Ведомсвто биыл 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқанын еске салды.
Жуырда премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев декреттегі аналарға берілетін жәрдемақы мерзімі 3 жылға дейін ұзартылуы мүмкін деген ақапаратқа қатысты пікір білдірген еді. Вице-премьер бюджетте ақша болса, бұл мәселені қарастыруға болатынын айтады. Сонымен бірге 2 жыл бұрын бұл мерзімнің 1,5 жылға дейін ұзартылғанын, қазіргі таңда бұл мерзімді ұзарту мәселесі қарастырылмайтынын жеткізді.