Алматы тауларында қар көшкіні жүріп, Ресей азаматшасы қаза тапты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шаңғышылар қауіпті ескертуді елемеген / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының сол жақ Талғар ауданында қар көшкіні жүрді. Оқиға салдарынан 35 жастағы Ресей азаматшасы қаза тауып, тағы екі адам зардап шекті

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қар көшкіні Алматы тауларында 3160 метр биіктікте жүрген.

«2025 жылғы 17 наурызда Сол жақ Талғар ауданында 3160 метр биіктікте көлемі шамамен 50 текше метр болатын қар көшкіні болды. Алдын ала деректер бойынша, оны көшкін қаупі туралы ескертулерге мән бермеген фрирайдерлер тудырған», – делінген хабарламада.

Шаңғышылар сырғанау кезінде тау беткейін кесіп өтіп, қардың қозғалуына себепкер болған. Соның салдарынан үшеуі де көшкін астында қалды.

«16:00-де «112» пультіне Комсомол шыңы ауданында тағы бір қар көшкіні жүргені туралы хабар түсті. Үш фрирайдер беткейдің тұрақтылығын бұзып, қардың қозғалуына себеп болған. Олардың екеуі өздігінен шыққан, ал үшіншісі қаза тапты. Құтқарушылар 1990 жылы туған Ресей азаматшасының денесін қар астынан шығарып, оны эвакуациялау үшін «Комби-2» станциясына жеткізді», – деп хабарлады ТЖМ.

Қазіргі уақытта зардап шеккендердің тұлғалары анықталуда. Құтқарушылар трассадан тыс аймақта шаңғы тебу – көшкін қаупі жоғары кезеңде өмірге төнетін қауіп екенін ескертеді.

Жуырда ғана Шымбұлақта үш туристің кесірінен қар көшкіні жүрген еді.

Сондай-ақ оқыңыз