
Астана, Алматы сияқты елдегі ірі қалаларда такси нарығының шамамен 90%-ы Яндекске тиесілі және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келе жатыр. Мұндай мәліметті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов келтірді.
Агенттік өкілінің айтуынша, «Яндекс.Таксидің» тарифтеріне мониторинг жүргізілген. Аудит барысында шетелдік сарапшылар тартылып, баға белгілеу жүйесі салыстырылып қаралған. Осының нәтижесін ескерген агенттік «Яндекс.Такси» комиссиясының мөлшерін азайтуды ұсынып отыр.
«Яндекс.Такси» қазір тек осы қалаларда ғана емес, әсіресе Астана мен Алматыда монополист болып отыр – бүгінгі таңда нарықтың шамамен 90%-ы осы компанияға тиесілі. Ол жыл сайын өз монополиялық позициясын күшейтіп келеді, яғни қазіргі уақытта бұл шамамен 90% құрайды», – деді агенттік өкілі Мәжілісте өткен бәсекелестікті дамыту туралы заң жобасын талқылау барысында.
Болат Самбетовтің айтуынша, агенттік «Яндекс.Такси» қызметін үнемі бақылауда ұстап отыр.
«2024 жылы біз шетелдік сарапшыларды тартып, алгоритмдік баға белгілеу жүйесіне аудит жүргіздік. Басқа елдерде де такси қызметтерінде осындай алгоритмдік баға белгілеу жүйесі бар – яғни, бағалар сұранысқа, ұсынысқа, ауа райына және басқа да факторларға байланысты автоматты түрде өзгеріп отырады», – деді ол.
Спикер такси нарығы классикалық монополия үлгісіне толық сәйкес келмейтінін айтады. Осыған орай, агенттік «Яндекс.Такси» комиссиясын төмендетуді ұсынып отыр. Мысалы, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 13%, ал Қазақстанда ол 16%-ды құрайды.
«Қазақстанда «Яндекс.Такси» әр сапардан шамамен 16% комиссия ұстайды, оған қоса, таксопарктердің 4%-ы қосылады. Осылайша, жалпы комиссия Астана мен Алматыда 20%-ға дейін жетеді. Басқа қалаларда бұл көрсеткіш төмендеу. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз – кей жерлерде комиссия 30%, ал Өзбекстанда 13%-ды құрайды. Осы мәселені қазір талқылап жатырмыз: «Егер Өзбекстанда 13% болса, Қазақстанда неге 16+4=20%?» деген сұрақ туындайды», – деп түсіндірді агенттік өкілі.
Жауын кезінде таксиге тапсырыс беретін адамдардың көбеюінен оның бағасы шарықтап кететіні жайлы осыған дейінде талқыланған болатын. Қазақстандағы Яндекс Go жетекшісі Тимур Байдүйсен оның себебін түсіндірді. Оның айтуынша, ауа райының құбылуына байланысты такси бағасының шарықтап кетуі екі факторға байланысты болады. Біріншісі, таксиге тапсырыс беруші адамдардың күрт артуы, екінші сол маңдағы такси жүргізушілерінің аз болуы. Ол сұраныс артқан кезде жүйенің автоматты түрде такси жүргізушілерін сол аймаққа шақыра бастайтынын айтады. Ал бағаның өсуі тікелей компанияға пайда әкелмейді. Себебі чек өскенмен Яндекс комиссиясы өспейді.