Жаңалықтар

Вице-министр «Қазақанимацияны» Алматыдан Астанаға көшірудің үш қисынын келтірді

Вице-министр "Қазақанимацияның" Алматыдан Астанаға көшірілуінің үш қисынын келтірді
Вице-министр «Қазақанимацияны» Алматыдан Астанаға көшірудің үш қисынын келтірді/Фото: Gov.kz

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Алматыдан Астанаға неліктен көшірілгелі жатқанын түсіндірді.

Оның сөзінше, алдағы уақытта креативті индустрияны қолдауға арналған мамандандырылған қор құрылады.

«Анимация осы индустрияның ажырамас бөлігі. Біз аталған саланы дамытуға бағыттталған кешенді стратегия жасап жатырмыз. Ал көшіру туралы айтар болсам, оның бірнеше қисыны бар. Біріншіден, осында Астана хаб орын тепкен. Ал анимация қызметі IT индустириямен тығыз байланысты. Бұл саланың дамуына белгілі бір импульс береді. Екіншіден, Астанада жыл сайын аниматорлардың «Comic Con» деген фестивалі өтіп тұрады. Бұл ТМД деңгейіндегі ірі фестиваль. Үшіншіден, құрылатын қордың белгілі бір ресурсы болады», – деді вице-министр.

Вице-министрден аниматорлардың бірлестікті көшіруге қарсылығы қаншалықты ескерілетінін сұрады.

Евгений Кочетов аниматорлармен байланыста екенін, олармен кездесіп тұратынын жеткізіп, олардың пікірі ескерілетінін атап өтті.

Вице-министрге «Қазақфильм» төңірегіндегі аниматорлардың мәселелесін көтеріп, министрлікті сынап жүрген өнертанушы Ерлан Төлеутаймен «неге кездеспей жүрсіздер» деген тура сұрақ қойылды.

Кочетов мұнда да еш мәселе көрмейтінін, алдағы уақытта кездесіп, талқылап, оны тыңдауға дайын екенін айтты.

Ерлан Төлеутай «Қазақанимацияны» Астанаға көшірудің астарында бірлестік жерін сатып жіберуді ойлайтын топтың мүддесі жатыр деп санайды.