Шерзаттың отбасы Айтбек Амангелді ұсынған адвокаттардан бас тартты

Талғардағы төбелес кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі осы уақытқа дейін мүддесін қорғап келген қорғаушылардан бас тартты. Бұл туралы қорғаушылар тарапы өткізген онлайн конференция барысында айтылды.
Баспасөз мәслихатында қорғау тарапын ұйымдастырып жүрген Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов адвокаттық қызметтен бас тартатыны туралы мессенджер арқылы айтқанын жеткізді.
«Біз Қаржаубайдың мінезін білетіндіктен, басында оның жазғандарына реакция білдірмедік. Сол күні біз онымен жуырда өтетін сот бойынша онлайн сөйлесуіміз керек болған. Алайда ол онлайн жиынға қатыспады. Тек Шерзаттың әжесі Гүлбар туысы деп таныстырған әйел екеуі қатысты. Гүлбар сотқа келмейтінін айтты. Алайда біздің тарапымыз Гүлбарға куәгер болғандықтан, сотқа келуі міндетті екенін түсіндірдік» деді Айтбек Амангелді.
Оның сөзінше, артынша Шерзаттың ісі бойынша басқа адвокаттар тағайындалғанын естіген.
Адвокат Саида Тәуекелова осы шешімге байланысты Қаржаубай Нұрымовпен ертең кездесетінін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы кезде Қаржаубайға байланысқа шығуды азайтып, адвокаттар оны көп мазаламауға ұйғарып, іс материалдарымен танысуға ден қойған.
Kursiv.media Қаржаубай Нұрымовқа қоңырау шалып, хабарласа алмады.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында отбасылық дүкеннің жанында болған төбелес кезінде кісі қолынан қаза тапқан. Ұзамай әлдекімдер марқұм тұрған үйді өртеп кетті. Арада екі ай өткенде Шерхзаттың ағасы, қайғылы оқиғадағы негізгі жәбірленуші әрі куәлердің бірі Нұрқанат Ғайыповтың мәйіті табылды. Ресми органдар ол өзіне қол салғанын мәлім етті. Жасөпірімнің қазасына байланысты 11 адам қамауға алынған. Үйді өртеу ісі бойынша кінәлі табылмады.