Вячеслав Ким сатып алуды жоспарлап отырған Jusan Bank-ке қадағалаушы ескерту жасады

Jusan Bank қаржы нарығын реттеуші ұйымнан ескерту алды. Қаржы ұйымы банк туралы заңның 45-1 және 46 бабын бұзған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында:
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 45-1 және 46-баптарының талаптарына сәйкес Банкке жазбаша нұсқама қолданылды», – деп жазылған.
Бұл баптар бойынша қолданылатын талаптар тізімі ұзақ. Реттеушінің хабарламасында банк нақты қандай талапты бұзғаны жазылмаған.
Қазақстандағы ең бай кәсіпкер Вячеслав Ким ақпан айында Jusan Bankті сатып алуға ниетті екенін хабарлады. Ол ҚНРДА-ға сәйкес өтінішін беріп қойған.
Ұлттық Банк дерегі бойынша, Jusan Bank активтері 3 трлн теңгені құрайды. 21 екінші деңгейлі банктер арасында актив көлемі бойынша 5-орында тұр. Jusan қаңтар айында 13,9 млрд теңге таза табыс тапты.
2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, банк акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде, ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.